ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ АҚТАЛУЫ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖЕМІСІ

1991 жылы желтоқсанның 12-інде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды.
1986 жылғы желтоқсанның 17-19-ы аралығында Алматыда қазақ жастарының КСРО билігінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары орын алды. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г.В.Колбинді Казақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.
Желтоқсанның 17-і күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін ереуілшілер саны 20 мыңға жетті. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.
Қазақстан төуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы.», «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы — ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары жарық көрді. «Аллажар», «Қызғыш құс» кинофильмдері түсірілді. 2006 жылы М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты көлемді кітабы басылып шықты.

Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды тәуелсіздік мейрамы етіп жариялады. Сондықтан 16 желтоқсанның қасыретті күн екендігін жадымызда сақтап әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Бұл күні қара жамылып отыру орынсыз. Сол себепті де әрі арманға қол жеткізген күн деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан Желтоқсан құрбандарына да тағзым ете жүруіміз керек.
Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан.