2016 ЖЫЛҒЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ

2015 жылдың сәуір айындағы Президент сайлауы өзгерістерге кең жол ашты. 2016 жылдың соңында бесжылдық өкілеттілік мерзімі бітетін Парламентке де халық тарапынан жаңа сенімділік мандаты аса қажет болды.
Елде жүріп жатқан ауқымды өзгерістер Парламент жұмысының күн тәртібін мүлде ауыстырып жіберді. Мемлекеттің дамудың жаңа кезеңінде Парламент жаңғыртудың мүлтіксіз құқықтық базасын қамтамасыз етуге,
дағдарысқа қарсы экономикалық саясаттың маңызды міндеттерін жедел шешуге және алдағы жылдардағы институционалды дамудың жолын нақтылап беретін стратегиялық заңдарды дер кезінде қабылдауға тиіс болды.
Депутаттық өкілеттіліктердің мерзімі аяқталатын 2016 жылдың соңын күту қисынсыз еді: Парламент сайлауын уақыт оздырмай, мәслихаттардың сайлауымен бірге өткізу – уақыт талабы болатын. Ұлт жоспары бойынша
орталықта да, жергілікті жерлерде де осы жылды тиімді әрі толық көлемде пайдалану үшін депутаттарды сайлау бір мезгілде әрі неғұрлым тез өткізілуі қажет болды.

«Нұр Отан» партиясының жоғары қоғамдық беделі оның сөзсіз жеңісін болжауға мүмкіндік берді, дауыс берушілердің 82,2 проценті бұл болжамның дұрыстығын растап шықты. Мәслихаттар сайлауы да осындай нәтижемен аяқталды. Сондай-ақ, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық
партиясы (7,18 процент) және Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,14 процент) да Мәжіліс өкілдігіне ие болды. «Бірлік», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Ауыл» халықтық-демократиялық
партиясы – Парламентке кіру үшін талап етілген 7 проценттік кедергіден өте алмады.

Сайлау қорытындысы бойынша депутаттық мандаттар былайша бөлінді: «Нұр Отан» – 84, «Ақ жол» және ҚКХП – 7 орыннан; тағы 9 депутат Парламентке Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Мәжіліс спикері болып Б. Ізмұхамбетов сайланды.
2016 жылғы Парламент сайлауы – демократиялық құндылықтарды құрметтейтін Қазақстан халқы қаншалықты біртұтас екенін дәлелдеді. Мұны мәжіліс сайлаулары үшін рекордтық көрсеткіш болған сайлаушылардың
қатысуы да көрсетті (77 процент). Бұл сайлаулар – реформаторлық бағытқа қолдау көрсетудің іс жүзіндегі бүкілхалықтық қолдауы еді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайласа келген сайлау көктемгі жаңару мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында өтуі де ерекше көңіл күй сыйлағаны анық.