ӘЛЕМГЕ ЖОЛ АШҚАН «НҰРЛЫ ЖОЛ»
Қазақстан өзінің аумағы бойынша әлемдегі ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Солай бола тұра, халық тығыздығының төмендігінен біздің зор кеңістігімізде тұрғындар саны аз. Қалалар мен елді мекендердің арасы ұлан-ғайыр. Тарихтың қай кезеңінде де көлік мәселесі өте өткір болды. Бұл мәселенің шешімін табу – мемлекеттің алдында тұрған өзекті стратегиялық
міндеттердің бірі.
«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 2019 жылға қарай бірыңғай көліктік және энергетикалық жүйе құрылатын болады.
Ең бастысы, Қазақстан экономикасының біртұтас ұлттық нарыққа интеграциялануы – бірігу үдерісі өтеді. Бағдарлама инфрақұрылымдық саланы индустриалды дамумен бір мезгілде белсендіру, сөйтіп халықты жұмыспен қамтуды жалғастыру және өңірлерге жаңа мүмкіндіктер ашу үшін индустриаландырудың екінші бесжылдығымен үйлестірілді.
«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 7 мың шақырым автомобиль жолын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, соның ішінде аса маңызды: «Орталық – Оңтүстік» (Астана – Қарағанды – Алматы), «Орталық – Шығыс» (Астана – Павлодар – Өскемен) және «Орталық – Батыс» (Астана – Ақтау) жол тораптары бар. Астанадан Алматыға дейінгі жаңа жол Балқаш көлі арқылы өтетін көпір құрылысының арқасында 200 шақырымға қысқарады. Астана – Теміртау, Астана – Қостанай – Челябі, Астана – Петропавл, Павлодар – Омбы, Бейнеу – Шетпе автожолдарын қалпына келтіру аяқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында
тек 2016 жылдың өзінде 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, сондай-ақ 2 мың шақырымнан астам инженерлік желі тартылды. Бұл жолдар қазақстандықтардың талай ұрпағына қызмет ететін болады.
2010-шы жылдары біртіндеп Қазақстанның ішкі темір жол желісі кеңейтіле бастады. 2014 жылдың тамыз айында жүк пойыздары өтетін Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл темір жол желілері пайдалануға берілді. 2016 – 2017 жылдары Алматы – Шу екінші темір жол желісі салынып, оның тасымалдау әлеуеті екі есеге ұлғайды. Қазақстанның темір жол желілерінің құрылымы оңтайлы бола түсті, ұлттық қажеттілік пен еуропалық мол мүмкіндіктерді біріктірген салаға айналды.
Бұл желілердің іске қосылуының тиімділігінен көлік шығындары азайды, жету мерзімдері қысқарды. Демек, елдің инфрақұрылымдық әлеуеті артты деген сөз. Жаңа темір жол жобалары Қазақстанның ішкі көлік логистикасын әжептәуір жақсартты, Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс бағыттарындағы жүк тасымалы тасқынының халықаралық бағдарын
оңтайландырды.
2013 жылы Қазақстанда Каспийге жүк тасымалдайтын кеме қатынасы компаниясы құрылды, ал 2015 жылы Ақтау айлағы ұлғайтылды. Құрық айлағындағы алғашқы паром кешені 2016 жылдың желтоқсанында іске қосылды.
Қазақстандағы көлік қатынасының дамуында әуе қатынасы маңызды орынға ие. Ұшу-қону жолақтары мен жолаушылар терминалдарын қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 2015 жылдың тамыз айында ішкі желідегі «Qazaq Air» алғашқы жаңа қазақстандық әуе компаниясының рейсі іске қосылды. Негізгі ұлттық тасымалдаушы «Air Аstana» алға қарай жаңа қадам басты: 2015 жылы желтоқсанда компания Еуроодақ елдеріне кедергісіз ұшу құқығына ие болды.
2010 жылдары, әсіресе Қазақстанның ұлттық инфрақұрылымдарының халықаралық көлік жүйесіне интеграциялануы аса қарқынды жүрді.