ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН КЕЛГЕН НАР ТӘУЕКЕЛ
Латын әліпбиіне көшуді қолға алу – тәуелсіздіктің жетістігі. Сананың еркіндігіне жасалатын шешуші қадам, түркі әлемімен ынтымақтастыққа, әлемдік өркениетке бастайтын дара жол. Қазақстандықтардың ғана емес, әлемнің әр пұшпағында тұрып жатқан қазақ атаулының санасында рухани сілкініс туғызатын, атажұрт үшін ерен мақтаныш сезімін шыңдай түсетін айтулы кезең.
қазақтың ұлт болып ұйысып, біртұтас халық болып жұдырықтай жұмылып, дамудың жаңа биігіне апаратын тағдырлы тәуекелдің алдында тұрмыз. Түрлі тәлкекке ұшыраған асылымыздың – ана тіліміздің табиғи таза тұнығына жеткізетін латын әрпіне көшуде бір кісідей жұмылатын кез келді. Тәлкек емей немене, күштеп енгізілген бір ғана жіңішкелік белгісі (ь) қосылып, қала көшелерінде жиі көрінетін «гульдер» сөзі мазақ етіп тұрғандай болады. Жаров, Житомир сияқты қазақ тілінде ж дыбысынан басталатын атау сөздерді орысша Джамбул Джабаев, Джезказган деп жазғанға да көндік. Алматы қаласының қақ ортасындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығындағы студенттер ғимаратына Джолдасбеков сарайы деп айғайлатқан атауды оқыдық. Мұндай мысалдан сүрініп жығылатындай, айтылуы да, жазылуы да бұзылып, екпіні шатаса бастаған ана тіліміз туған топырағында шеттетіле бастағанына шыдадық. Ұлт төлқұжаты іспетті асыл тіліміздің төрден есікке сырғи бермей, Мәңгілік елдің мәңгілік тілінің мемлекеттік мәртебесіне көтерілетін кезеңін күттік. Міне, сол сәт туды. Әуезі де, әрі де ерекше, қайнары гауһардай таза, сөздік қоры аса бай қазақ тілін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін Елбасы латын әліпбиіне көшіруге тапсырма берді. Енді өткен кеңестік кезеңнің сананы улаған ескі салтымен жарға жығатын, «мен, мен» дегізетін дау-дамайы көп айтыс-тартыстан аулақ болып, ұлттық мүдде мұратына жетейік. Ұлттық үлкен сынақтан сүрінбей өтейік. Халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Қазақ тілінің латынша әліпбиін құрастырушыларға қарапайым тіл жанашырларынан бір тілек – жаңа әліпби қазақ фонетикасын сақтап, екі символдық (үш емес) диграфтар екі-үштен аспаса екен. Өйткені латын әрпіне көшудегі басты меже – қазақ тілі дыбыс жүйесінің заңдылықтарының бұзылмауына қол жеткізу екені түсінікті.
Қазақ тілінің латын әрпіне көшуі – мемлекеттік және жалпыхалықтық деңгейде атқарылатын аса жауапты әрі игілікті сан түрлі іс-шаралардың басы болмақ. Елбасы бас басылымда жариялаған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің «Туған тілдің тұғыры» бөлімінде «бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жатқан бір жаман әдет бар. Ол әуелі бастамаға бірден үн қосып, дүркіретіп әкетеміз, сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып,… іс аяғын ақсатып кететініміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек…», «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында», дейді. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Елбасы толғанысы дайындығы 2012 жылдан басталып шешуші сәтіне жеткен осынау тарихи кезеңде бүкіл елді, ғалымдарды, депутаттарды, мемлекеттік қызметшілерді ана тілімізді әлемдік дамудың даңғылына бастайтын латын әліпбиіне көшірудің бүге-шігесін бүгіннен ойластырып, жоғары білімділік, біліктілік, жауапкершілік биігінен көрінуге шақырып тұрғандай. Мектепте бірінші сыныптан сабақ кестесіне енгізілетін 2022 жылға қазірден-ақ жан-жақты дайындықтың жоспары түзіліп, жалпы жұрттың қатысуымен жүзеге асырылуы алдын ала ойластырылса құба-құп. Бұл орайда атқарылар іс ұлан-ғайыр.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері3