ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАУ ТҰЛҒАСЫ: АЙНАБЕК ОСПАНОВ

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бейнелеу өнері музейінің директоры, Халықаралық Тұран сыйлығының лауреаты, құдіретті қылқалам иесі Оспанов Айнабек Мыңжасарұлы қонақта болды. Музей директоры Ақмарал Асанқызының идеясымен бастау алған «Музей LIFE» жобасы аясында сұхбат жүргізілді. Аталған сұхбатты музей директорының қоғамдық хатшысы Утеп Аида Рысбекқызы жүргізді.

Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрінде дүниеге келіп, балаң шағынан табиғаттан шабыт алып өскен қалам иесі музей экспозициясымен танысып, өзінің құнды жәдігерлерін де музей қорына табыстады. Сұхбат барысында музейдің тыныс-тіршілігі туралы кеңірек әңгіме айтылды. Талантты суретші облыстық музейден өз алдына отау болып шығып, галерея ұйымдастырған шақтарын есіне алды. Музей — мәдениет мәйегі, тарихи сана тірегі.

«Бейнелеу өнері музейінің» негізін қалап, жаңадан ашылған мекеменің негізгі қорын жасақтаған суретшінің оқырмандарға айтары көп. Қазақстан Суретшілер Одағының Оңтүстіктегі ұйымын 20 жыл басқарған Айнабек Оспанов әлемі — әдемі әлем, себебі ол тіршілікті, қоршаған ортаны сүйеді. Жан-тәнімен жақсы көре отырып, бүткіл болмысымен бұл дүниедегі келеңсіздікті картиналарына арқау етеді. Рухани жұтаңдық, қоршаған орта мәселелері, ұлттық тамырдан айырылу, туған жерден қол үзу, мұндай келеңсіздіктерден шығу жолдары толғантады. Тұрмыстық гармонияның бұзылуына қарсылық, оны жаңғыртуға ұмтылыс оның өнерінде ең негізгі мазмұнға айналған.