ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: МЕДИЦИНА САЛАСЫН АЯҚҚА ТҰРҒЫЗҒАН 6 БАҒДАРЛАМА
Отыз жыл. Көп мерзім бе, аз мерзім бе? Тарих үшін, әрине қас қағым сәт. Ал елдің дамуы тұрғысынан алғанда, бұл ұзақ уақыт. Осы жылдарда еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштай даму кезеңінен өтті.
Медицина саласында 91-жылдары адамды емдейтін жағдай болмады. Дәрі жетіспейді, көптеген құрал-жабдықтар жоқ еді, ең азы хирургтердің тігетін жібіне дейін болмады. Қаржыландыру болған жоқ. Енді біз осы жағдайлардан қалай шықтық? Елбасының «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» деген бағдарламасы болды. Ол 1997 жылы қабылданды. Міне, біздің экономиканың, соның ішінде медицина саласының дамығаны осы стратегиямен тікелей байланысты. Егерде бүгінде сол стратегияны алып оқып, жасалған шаруаларды қарасаңыз, онда осы уақытқа дейінгі көрсетілген жоспарлардың барлығы да орындалғанын көреміз. Стратегияны қабылдағанда, әрине ол кезде қаражат жоқ, жағдай қиын, экономика дағдарыста, біреулер түсінді, біреулер түсінбеді, ал енді біреулер оған сенбеді. Бірақ уақыт өте келе Стратегияда жазылған құжаттар, жоспарлар, барлығы да іске асты. Қаражат та сол құжатқа сәйкес жұмсалды. Тіпті, ел астанасының осында көшіп келуі, оның одан ары қарай дамуы, тіпті басқа облыстарға локомотив болуы осы Стратегияның арқасы, оны жасап шығарған, жүзеге асуын ұйымдастырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп білемін.
Осы «Қазақстан – 2030» Стратегия аясында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Медицина саласында осы 30 жылда бес жылдық алты бағдарлама қабылданды. Ең бірінші 1997 жылы «Халық денсаулығы» деген бес жылға арналған бағдарлама болды. Соның ішінде ең бірінші мақсат медицина саласын бір жүйеге түсіру еді. Одан кейінгі тағы да бес жылға арналған бағдарлама қабылданды. Оның мақсаты ары қарай дамыту, реформалау болды. Үшінші қабылданған бағдарлама «Саламатты Қазақстан» деп аталды. Мінеки, мемлекет уақытылы қабылдаған 6 бағдарламаның арқасында, біз осындай жетістікке жеттік.