ЖАСТАРҒА СЕРПІЛІС БЕРГЕН «СЕРПІН»
2014 жылы Елбасының тапсырмасымен “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасы басталған болатын. Аталған бағдарлама бойынша 7 ЖОО мен 25 колледж жұмылдырылып, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатысты.
Сол жылдары жоғары оқу орындарына 1 050, колледждерге 1 000 грант бөлінді. Алғашында насихат жұмыстарының кемшіндігінен 30 өтініш қана келіп түсті. Артынша “Серпін” жалпыұлттық, қоғамдық жобасы болып қайта келді. Бұл жобаның қажет екендігін дәлелдеу мақсатында зерттеу жұмыстары да жүргізілді. “Серпін” әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы күн санап артып келеді. 2014 жылы жоба аясында 2050 студент, 2015 жылы 6 200, 2016 жылы 11 296 студент білім алды.
“Серпін” индустриалды-инновациялық жобаларға мамандарды даярлап, жұмыс күші мол аймақтардағы жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастырады; жұмыс күші мол аймақтардағы жастарды жұмыс күші тапшы аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тартады. Екіншіден, техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттырып, жастардың жұмысшы мамандықтар алуға деген оң көзқарасын қалыптастырады. Үшіншіден, жастардың әлеуеттік және жұмыссыздық мәселелерін шешеді.
Осы уақыт ішінде 12 мыңнан астам азамат бұл бастаманың пайдалы тұстарына куә болды. 9212 студент ЖОО-ларын таңдаса, қалғаны кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде оқып жатыр. Алдағы уақытта оларды жұмыспен қамту жағы да қарастырылған.