ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДЕМОГРАФИЯНЫҢ ДӘУІРЛЕУІ

Жаңа онжылдықта Қазақстан халқының саны өсе түсті. 1991 жылғы деңгейден асып түсіп, 2011 жылы 16,5 миллионға жетті.

2005 жылы қыркүйек айында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында Елбасы, он жылдың ішінде тұрғындардың санын 17 миллионға дейін жеткізу қажеттігін міндет етіп қойған болатын. Өйтпеген жағдайда Қазақстан шетелден жұмыс күшін тартуға мәжбүр болады деген еді.

Онда 2005 жылы ел тұрғындарының саны 15 миллион адамды құраған еді, ал сарапшылар 2015 жылы оның саны 2 миллионға өсетініне күмәндана қараған.
Алайда өмір шындығы қасаң ойлайтындардың болжамын жоққа шығарды. Қазақстан белгіленген демографиялық көрсеткішке екі жыл бұрын қол жеткізді. 17 миллионыншы еліміздің тұрғыны 2013 жылы мамыр айында дүниеге келді.

Экономикалық даму және мақсатты түрде жүргізілген мемлекеттік саясат демографиялық өсімге өзінің игі ықпалын тигізді. Он жыл ішінде – 2005 жылдан 2015 жылға дейін – Қазақстанда бала туу көрсеткіші 42 процентке өскен.
Бұл өсім – 2010-шы жылдардың ортасындағы жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан жалғаса түсті, сонымен бірге адам өлімінің көрсеткіші төмендеді және табиғи өсім арта түсті. Нәтижесінде, 2017 жылы Қазақстан халқының саны 18 миллион адамнан асты. Тәуелсіздік жылдарында барлығы 7 миллион кішкентай қазақстандықтар дүние есігін ашты.

2013 жылы қарашада Үкімет 2014–2016 жылдардағы көші-қон проблемаларын шешу бойынша Кешенді жоспар жасап бекітті. Ол ішкі және сыртқы көші-қонға бақылауды күшейтуді, отандық кәсіби мамандар үшін қолайлы
жағдайлар туғызуды, сондай-ақ шетелдік жоғары кәсіби мамандардың келуі үшін көмек қолын созуды көздеді. Ал мұның бәрі – адам капиталының сапасын жақсартуға жәрдемдескені сөзсіз.

2015 жылғы қарашада көші-қон және жұмыспен қамту мәселелері бойынша заңнамалық актілерге толықтырулар енгізілді. Ал бұл өз кезегінде – этникалық қазақтардың елімізге оралуына, отбасыларымен қауышуға және кәсіби мамандарды тартуға көп септігін тигізгені анық. Еліміз тәуелсіздік
алғаннан бергі жылдарда барлығы тарихи Отанына келіп, оралман мәртебесін алған қазақтар саны 1 миллионнан асқан.

Қазақстан халқының басым бөлігі жас. Тек 2016 жылдың өзінде елде 400 мыңнан аса сәби өмірге келді. Қазақстандықтардың орта жасы – 31 жас.
Өткен онжылдықтар ішінде орташа өмір ұзақтығы артты. Егер 2005 жылы ол 65 жас болса, 2015 жылы 71 жастан асты. Алайда ерлер мен әйелдердің өмір жасының ұзақтығы арасындағы айырмашылық бұрынғысынша
жоғары.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланған тұста Астана миллион тұрғыны бар қалаға айналды. 2016 жылы шілде айында Қазақстанның астанасында миллионыншы тұрғынның өмірге келуі – символикалық мәнге ие болды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 20 миллион адамнан асады. ХХІ ғасырдағы мемлекеттік міндеттердің ауқымдылығын ескерсек, туу көрсеткішінің тұрақты түрде өсуі стратегиялық мәнге ие болмақ.