ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ИНДУСТРИАЛАНДЫРУ КАРТАСЫ

Тәуелсіз елдің толайым табыстары экономикасының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Әлемді жайлаған екі дағдарыстан еліміздің еңсесін түсірмей өтуіне септігі тиген бағдарламалардың бірі — «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы». Бұл жоба аясында шет елдік кәсіпкерлермен бірлесе түрлі зауыттар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылды, өнеркәсіп пен экономиканы әртараптандыру бойынша алға шықты.

Соның бір мысалы — «Оңтүстік» индустриалды аймағында ашылған трактор зауыты.Жылына бес мың трактор шығаратын зауытқа 7 млрд.теңге инвестиция тартылған. 400 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отырған жоба Индустрияландыру картасы шеңберінде Корея Республикасының инвесторларымен бірге іске асты. «KAZKIOTI» тракторлары отандық шаруалардың техникалық мүмкіндіктерін арттырды. Оңтүстік Кореяның «Даедонг» компаниясымен бірігіп шығарған трактор егістік жерлер мен мақта теріміне, бау-бақша өсіруге өте пайдалы.

Бұл тауар белгісіндегі тракторлардың бағасы өзге де жоғары сапалы трактор брендтерімен салыстырғанда арзан. Бірақ, арзандығына қарамастан сапа тұрғысынан еш қалыспайды. Мысалы, артқы білік – трактордың қозғалысына тәуелсіз түрде реттеледі. Яғни, артқы білік жеке тетікпен басқарылады. Ал, бүгінде Оңтүстік Қазақстанда жиі қолданылып жүрген басқа тауар белгісіндегі тракторларда бұл мүмкіндік қарастырылмаған.

Екіншіден, кабина ішіне желдеткіш қойылған. Борт компьютері орнатылған. Қандай да бір ақау шыға қалса сол мезетінде анықталады. 16 сатылы беріліс қорабына ие. «Тасбақа», «қоян» және тағы басқа атауы қызық жылдамдықты реттейтін тетік түрлері бар.