ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІНІҢ ГҮЛДЕНУІ

Қазақстанда тәуелсіздіктің екінші онжылдығында мәдениеттің гүлденуі одан әрі жалғасты. Ол толыққанды, сан қырлы, жан-жақты, жарқын түрде дамыды. Мемлекет бұрынғысынша мәдениет саласына барынша
жомарттықпен қамқорлық көрсетіп, қолдау жасап отырды: 2012-ші жылдары, бес жыл ішінде, мәдениетке жұмсалған қаржы үш еседен аса өсті.
2014 жылғы қараша айында отандық мәдениеттің беделін көтеруге және саланы сапалы жаңғыртуға бағытталған Мәдениет саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Ұлттық мәдени өмірдегі елеулі оқиғалардың бірі – 2013 жылы маусым айында ғажайып «Астана Опера» театрының ашылуы, ал екіншісі – 2014 жылы маусымда Қазақстан Ұлттық музейі халыққа қызмет көрсете бастады. Екеуі де сәулет өнерінің жауһарлары
әрі кең ауқымды мәдени жобалар. Бұл екі жоба да тікелей Елбасы бастамасымен жүзеге асты.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға көп жағдай жасады және мәдени қорымыздың қоржынын толтыруға үнемі көңіл бөліп отырды. Енді халықаралық аренаға шығып, Қазақстанның
дүниежүзілік мәдени үдерістегі үлесі бар толыққанды қатысушы екендігін дәлелдеу керек болды. 2012 жылы Астана қаласының бір мезгілде Түркі әлемінің және ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болуы – атап айтарлық жайт. Қазақстанның жаңа да жас астанасында ондаған мәдени форумдар, фестивальдар, көрмелер көз қуантып, көңіл тоғайтып өтіп жатқанына қала тұрғындары мен қонақтары дән риза болғаны анық.
Қазақ мәдениетінің тамыры терең негіздерін, Қазақстан мәдениетінің тұғырлы іргетасы – қазақ мәдениетінің салт-дәстүрлерін дамытуға үнемі көңіл бөлінуі – мемлекеттің ерекше қамқорлығы. Бізде қазақ өнері мен салтдәстүрі дамытылуда, сонымен бірге барлық этностардың мәдени мұраларына да көңіл бөлініп отыр. Біз әлемдік өнерге, әдебиетке және спортқа отандастарымыздың, әртүрлі этностық ерекшеліктеріне қарамастан, қосып жатқан үлестері ұлғайып келе жатқанын бүкіл ел болып мақтан тұтамыз.

Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың берілуі де елімізде елеулі оқиға ретінде жұртшылық назарын аударып отырады. 2012 жылғы лауреаттар қатарында – жазушы Сәбит Досанов, ақын Несіпбек
Айтұлы, әнші Әлібек Дінішев және скрипкашы Гауһар Мырзабекова болды. 2014 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа: жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы, ақын Гүлнар Салықбаева, әнші Пантелей Кесоглу және композитор Балнұр Қыдырбек ие болды. Сондай-ақ марапатталғандар арасында Шымкенттегі тарихи-монументалды кешен авторлары да бар.
2016 жылы желтоқсан айында Иманғали Тасмағамбетов бастаған ұжым – «Мәңгілік Ел» монументі, жазушы Бексұлтан Нұржекеев – «Әй, дүние-ай!» романы, режиссер Досқан Жолжақсынов басқарған ұжым – «Құнанбай»
көркем фильмі, суретші Кәміл Моллашев «Тәуелсіздікке тарту» атты жұмыстар топтамасы үшін Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері болып танылды.

2010-шы жылдары «Әлем әдебиетінің кітапханасы» сериясымен аударма еңбектерді және Қазақстан жазушыларының кітаптарын шығару жалғасын тапты, жаңадан – «Тәуелсіздік толғауы», «Жаңа заман әдебиеті», «Туризм және спорт», «Мәдениет және өнер», «Энциклопедиялық әдебиеттер», «ХХІ ғасыр: түркі халықтарының
поэзиясы», «Әлемдік балалар әдебиеті» серияларымен кітаптар жарық көрді.

2014 жылы шілдеде Астана қаласында ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиялардың Бірінші аймақаралық кеңесі болып өтіп, оған әлемнің 120 елінен өкілдер қатысты. Бір атап айтарлығы, мұндай кеңес ЮНЕСКО-ның
Парижде орналасқан Штаб-пәтерінен тыс жерде бірінші рет өткізілді.
Маңызды мәдени оқиғаның бірі – ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізбесіне енгізілген Алматы қаласының мыңжылдығы болды (2016 жыл, қыркүйек). Осы арқылы Алматының жаһандық және аймақтық дамудағы рөліне
жұртшылық айрықша назар аударды.

Жаңа Астананың мәдени өмірі жыл өткен сайын қызықты да мазмұнды бола түсті. 2016 жылдың елеулі мәдени оқиғасы, мәдени брендтің жаңғыруы ретінде Астанаға Алматыдан «Қазақконцерттің» көшіп келуін айтсақ
та болады. Бұл – «Астана Мюзикл» («Қазақстан» Орталық концерт залы) жаңа театрының шымылдық ашуы арқылы қала тұрғындары мен қонақтарын тағы да қуанышқа бөледі. Сондай-ақ 2016 жылы Астанада Қазақ ұлттық хореография академиясы және оның сахналық алаңы – «Астана балет» театрының ашылуы да зор мәдени жаңалық ретінде қабылданғаны анық.
Әлемде Қазақстан туралы ақпаратқа деген сұраныс өсе түсті, ұлғая берді, соның нәтижесінде 2016 жылы «Ұлы Дала Елі» атты Қазақстан туралы мобильді қосымшаның тұсауы кесілді, бұл үш тілдегі сандық энциклопедия түрінде өмірге келді.

2017 жылы «Заманауи қазақстандық мәдениет жаһандану әлемінде» жобасы («Рухани жаңғыру» бағдарламасы) алдыңғы қатарға шықты, осы арқылы отандық мәдениеттің озық тәжірибесі, жаңа жетістіктері негізгі үш
тілде лайықты насихатталатын болды.