СПОРТ — ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
Спорт саласындағы басым саясат – бұқаралық спорттың дамуына жағдай жасау. 2010 жылы Қазақстанда жиырмадан астам ұлттық спорт түрлері жанданып, бұған екі жүз елу мыңдай адам қатысты. 2011 жылы
«Ел қай раты» республикалық, ауылдық дене шынықтыру-спорт қоғамы құрылды.
2011 жылдан бастау алып, жыл сайын өткізілетін «Қазақстан Барысы» ұлттық қазақ күресінің республикалық турниріне қазақстандықтар ерекше құрметпен қарады. Турнирде балуандар Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін бақ сынасады. Көркем безендірілген алаңдағы алып балуандар айқасы бірден көрермендердің қатты қызығушылығын тудырды.
Қазақ күресі еларалық аренаға шығып, «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысы» халықаралық турнирлері өткізілді. Бұл спорт түріне – қазақ күресінің жарысына отыз елдің балуандары қатысты.
Ұлттық спорт түрлерінен, Жазғы және Қысқы ауыл ойындарынан, Халық спорты ойындарынан Қазақстан чемпионаттары ұдайы өткізіліп тұрады.
Ұлттық спорт түрлерінің өкілдері 2014 жылы Қырғызстанда өткен Көшпенділердің бүкіләлемдік ойындарына қатысты.
2010-шы жылдардың ортасына қарай елде 35 мыңнан астам спорттық нысан, 400 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, мектеп-интернаттары, сондай-ақ 700 балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істеп тұрды.
Оқушылардың 40 процентке жуығы спорттық секцияларға қатысты. Бокс, футбол, күрес, дзюдо, ауыр және жеңіл атлетика, шаңғы сияқты спорт түрлері кеңінен таралды. 2014 жылы өңірлерде 18 дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Астана қаласында велостанса салудың жобасы қолға алынды.
Ірі халықаралық жарыстар мен ұлттық чемпионаттар өткізу үшін, сондай-ақ спортпен шұғылданғысы келген барша халыққа арнап «Астана Арена» футбол стадионы, конькимен жүгіру стадионы, велотрек, «Қазақстан»
спорт сарайы, трамплиндер кешені, шаңғы және биатлон стадионы, «Шымбұлақ» тау базасы, «Медеу» мұз айдыны сияқты бірегей нысандар салынды және қайта жөндеуден өтті.
21 олимпиялық даярлық және олимпиада ізбасарлары орталықтары жұмыс істеп, онда Қазақстанның құрама командалары шеберліктерін шыңдады. 2014 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында AIBA Бүкіләлемдік
бокс академиясы ашылды. Бұл – әлемдегі осындай тұңғыш оқу-спорт кешені.
2016 жылы сәуір айында 2025 жылдарға арналған жаңа Дене шынықтыру және спорт тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, аймақтық спортты қолдауға көп көңіл бөлінді. Егер 2010 жылдың бас кезінде
ұдайы дене шынықтырумен және спортпен қазақстандықтардың 20 проценті шұғылданса, 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 процентке дейін өседі. Жоғары оқу орындары мен мектептерде спорт секцияларының жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп келеді.
Елде саламатты ұлт, аурудың алдын алу және жағымсыз әлеуметтік құбылыстардың негізі – бұқаралық спорттың дамуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан жастарының денсаулығы мықты, табысты әрі спортпен
шұғылданатын жандарға еліктеуі маңызды әрі қуантарлық жағдай.