ТӘУЕСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ӘЛЕМДІК ДІН ӨКІЛДЕРІНІҢ БАСҚОСУЫ

Қазақстан бүкіл әлем алдында шынайы қоғамдық және дінаралық келісім мен бірлекке қолы жеткен ел ретінде танылды. Бұл да Тұңғыш Президенттің айқындаған дара жолы. Осы ретте Елбасының ерен еңбегі — әлем діндер басшыларының басын қосуы еді. Алғаш рет Қазақстан астанасында өткен әлемдік діндер үнқатысуы: «Біз христиандық пен исламның, иудаизм мен буддизмнің жауласуы үшін емес, бейбіт өмір үшін жаратылғанын білеміз» форматында өтті. Парасатты пайымды таразылайтын жанға достық шырай танытсаң, сол достық – достық шақырады. Берекесі мен ынтымағы жарасқан қазақ жеріндегі съезге келген әлемдегі діннің әртүрлі бағыттағы 17 дін делегациясы құрметті меймандар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің барлығы Астанадағы «Интерконтиненталь» қонақ үйіне тоқтаған. Бір қонақ үйдің бір есігінен кіріп – шығып жатқан әртүрлі бағыттағы діндарлардың мидай араласып жүргенін көргенде сарапшылар мен саясаткерлердің қайран қалып ауыз ашқандарын көрдік. Сан ғасырлар бойы ақылға симастай асқынған дінаралық дүрдараздықтың түсініп — танымайтын түнегін қонақжай қазақтардың осындай дархан көңілі мен ашық жүрегі ұсынған тосын тәжірибесін ешкім де болжай алмағаны анық еді. Бұған дейінгі осындай басқосыларды өткізуді жоспарлаған елдер әр конфенция, әр дін тарапына жеке дара қонақүйлер бөлетін.

Қазақ жеріндегі әлемдік діндер үнқатысуы жиналғандарды бірден бір тілек, бір ниет, ортақ мақсатқа жұмылдырған. Шынында да мұндай таңғаларлық нәрсе, ненің болмасын бірінші рет орындалғанынан болса керек. Ал ондай ізгілік ісі, осындай ақ ниетті оқиғаның екінші рет қайталануына жол ашпақ. Бұрындары қол алысып жүздесу былай тұрсын, ортақ кездесуден бас тартатын дін лидерлері Қазақ елінің астанасында бір шаңырақ ішінде ізеттілік пен бейбітшілік сипаты зор рухани жұмыстарды жалғастырып жатқанына куә болдық. Ол қазір тарих. Тарих болғанда да өнеге етер өсиетті тәмсіл. Халықтың қалқаны саналатын дін көсемдері сол күндердегі сөздерінде қазақ жеріндегі осындай рухани қарым-қатынас — бір-бірімен сиыспайтын ұғымдар, көзқарас қақтығысын жібітуге жігер берерін жасырмаған. Ал, тағылымы ерекше дін тілі осылайша ұлы істер ұйытқысы, ұлттың рухани тұлғаларын ізгілік әлеуетіне топтастырды.

Дін лидерлері съезін қорытындылай келе Елбасы Н. Назарбаев былай деген: «Ең негізгі мәселе – съезд басқа жерде емес мұсылман елінде өтіп отыр. Қазіргі жағдайда қайсыбір саясаткерлер өзінің пайдасына бұру үшін, әлемде болып жатқан қатерлі жағдайдың барлығы исламнан шығып жатыр деген сөз айтады. Мен қай жерде жүрсем де оның барлығы қате екенін жалықпай айтып келемін. Дүниежүзіндегі Мұсылман дінінің уағызын, біздің Құран Кәрімдегі айтылған сөздерді, біз қазір осы съезде сан қайталап айтып жатырмыз. Осы сөздерімізді осында бас қосқан католиктер де, еврейлер де, басқалар да тыңдап отыр. Дін лидерлері де – адам! Ал, адамның рухани дүниесі ойнауды көтермейді. Ғаламда ғажап болудан қалған жәйт, ширыққан саяси егесулер, бұқаралық ақпарат құралдарынан басталып, ақыры мылтық кезенумен аяқталады. Біз міне осындай жанжалдарға жол бермеуге адамзатты үндеуге міндеттіміз».

Дінаралық үнқатысуының бірінші съезіне жиналған 400-ден астам бұқаралық ақпарат өкілдері, шетелдің 100-ден астам жетекші ақпарат агенттіктері мен компаниялар өкілдері де қазақ жерінен сөз арқылы тараған ізгілік ниетке ортақтасып жатты.