ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТЫНЫШТЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ЕЛ

Көптеген сарапшылар тәуелсіздік таңында Қазақстанда құрылған ұлтаралық келісімнің бірегей моделін қазақстандық тұрақтылықтың негізгі кепілі деп атайды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті атап өткендей: «КСРО ыдыраған қиын – қыстау кезеңде Қазақстан ішкі саясаттың үш негізгі қағидатын-бейбітшілік, келісім және тұрақтылықты таңдады. Бұрынғы Балтық республикаларының көптеген тұрғындары КСРО-дан шыққаннан кейін азаматтық алмаған және негізгі саяси құқықтарынан айырылған кезде, біз этностық шығу тегіне және мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесіне қарамастан, барлық қазақстандықтардың саяси және азаматтық теңдігін дәйектілікпен бекіттік, — деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев.

Республиканың Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректері бойынша, бүгінде елімізде 140 түрлі этностық топтардың өкілдері тұрады. Ұлтаралық қатынастарды үйлестіру мақсатында 1995 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Ол түрлі этномәдени бірлестіктерден тұрады және ел Парламентіне тоғыз мүшені сайлайды. Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы «қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мәдениет туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» және басқа да бірқатар заң жобаларын дайындауға белсенді қатысты. Ассамблеяның халықаралық беделі де артты. Қазақстанның тәжірибесі бойынша осындай қоғамдық құрылымдар ТМД-ның бірқатар елдерінде құрылған. Әлемдік қоғамдастық қазақстандық тәжірибені үлкен ықыласпен зерделеуде. Шет елде Ассамблеяның республиканың көпұлтты халқының өміріндегі рөлі туралы ірі халықаралық конференциялар өткізілді.

Қазақстандық тәжірибе халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Кезінде БҰҰ Бас хатшысы Коффи Аннан Қазақстанды»әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты және орнықты дамудың үлгісі» деп атаған болатын. Бұдан басқа, Нұр-сұлтан қаласы әр үш жыл сайын әлемдегі мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысудың жаһандық мәселелерін талқылау үшін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін қабылдайды. Ұлты мен дініне қарамастан, еліміздің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған. Осы бағытта дәйекті және терең ойластырылған ішкі саясатты жүргізе отырып, этносаралық текетірестің алдын алуға, алауыздықтың жолын кесуге, ішкі шиеленістің ушығуына жол бермеуге және сол арқылы Қазақстанның көпұлтты халқына ортақ болашаққа бейбіт жол ашуға қол жеткізілді.