ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҒЫЛЫМНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ

Ғылым — бұл адам қызметінің стратегиялық маңызды саласы, оның экономикалық өсуін қамтамасыз ететін Елдің негізгі ресурсы. Осыған байланысты әлемнің көптеген елдерінде ғылыми саланы дамытуға, оның тиімділігін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстандағы ғылым саласы, барлық посткеңестік елдердегій, күрделі кезеңдерді бастан өткерді. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап кеңестік кезеңнің ең мықты ғылыми әлеуеті (ғылымның түрлі бағыттары бойынша құрылған ірі ғылыми мектептер, салмақты нәтижелер, ашылулар) өзінің ұстанымын жоғалтып, елеулі проблемалардың құрсауында қалды. Ғылыми қызметті құрайтын барлық параметрлердің тұрақты және күрт төмендеуі орын алды: ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың төмендеуі, кейде толық болмауы, олардың нәтижелеріне де, жалпы ғылыми қызметкерлердің жұмысына да сұраныстың болмауы. Көптеген ғылыми институттар жабылып, тоқтап қалғандарда материалдық-техникалық базаның деңгейі және зерттеу жүргізу үшін жағдайлар өте төмен болды. Мұның бәрі ғылымның тиімділігінің жалпы төмендеуіне, ең бастысы кадрлардың тұрақтамауына әкелді. Мәселен, 1991-2000 жылдар аралығында республикадағы ғылыми қызметкерлердің саны екі есеге жуық: 27,6 мыңнан 14,8 мыңға дейін қысқарды.

Осы дағдарыс жылдары тәуелсіз мемлекеттің жаңа отандық құрылымдарын, ғылым саласындағы ұлттық нормативтік базаны қалыптастыру бойынша алғашқы қадамдар жасалды. 1992 жылдың өзінде «Қазақстан Республикасының Ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы» Заң қабылданды, ол республикада ғылымның осы кезеңдегі дамуының негізгі қағидаттарын айқындады. 2000-шы жылдары ғылым саласындағы реформаларды одан әрі бекіту және жаңа міндеттерді айқындау үшін «Ғылым туралы» ҚР Заңы және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Озық әлемдік тәжірибе мен қазіргі заманғы жағдайларды ескере отырып, ғылымды басқарудың жаңа моделі 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы»ҚР жаңа заңында ұсынылды. Бұл модель қаржыландырудың жаңа нысандарын, шетелдік сарапшыларды кеңінен тарта отырып, көп деңгейлі сараптама негізінде ғылыми жобаларды конкурстық іріктеу, сондай – ақ ғылым мен білімнің терең интеграциясы, жоғары оқу орны ғылымын күшейту, ғылымның экономиканың нақты секторымен байланысы сияқты оның негізгі қағидатын іске асыру үшін ғылымды басқарудың жаңа құрылымдарын енгізу сияқты реформаларды қамтыды.

Соңғы 10 жылда қазақстандық ғалымдардың халықаралық деректер базасына кең қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілді, бұл жарияланымдық белсенділіктің артуына ықпал етті. Осылайша, 2015-2019 жылдары Қазақстанның жарияланымдар саны 14 852 бірлікті құрады, бұл елге әлемдік рейтингте 214 елдің ішінде 75-орынды алуға мүмкіндік берді.