G-GLOBAL — ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИДЕЯҒА ӘЛЕМ ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Тәуелсіздік жылдарында егемен Қазақстан әлемге жаһандық қоғамдастықты үйлесімдірек әрі әділетті ете түсетін ойластырылған шешімдерді ұсынумен келеді. Осындай ұстанымдардың бірі – 2012 жылы негізделген
G-GLOBAL жобасы.
Алғаш рет жоба ұстанымдары 2012 жылғы 23 мамырда өткен V Астана экономикалық форумында тұжырымдалды. Елбасы әлемнің таңдаулы іскер топтарының алдында сөз сөйлеп, әділетті әлем құрылысының
маңызды негіздерін қадап айтты. Бірінші – «эволюция, революция емес». Адамзат саяси революциялар лимитін өткен ғасырда-ақ тауысып қойған. Сондықтан реформалар жолы – ХХІ ғасырдағы прогреске бастайтын бірден-бір соқпақ. Екінші – әділдік, теңдік және ортақ мәмілеге келу. XXI ғасырда елдерді «ұлы және қосалқы, жетекші және жетектегі» деп бөлу ескірген. Мемлекеттер теңдігін негіздейтін жаңа әділетті әлемдік саясат қажет. Үшінші – «жаһандық толеранттылық пен сенім». Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, геосаяси салмаққа қарамастан, толерантты болуы тиіс. Жаһандық сенім болмайынша, келісілген шешімдерге қол жеткізу мүмкін емес. Төртінші – «жаһандық транспаренттік». G-GLOBAL әлемі – бұл транспарентті қауымдастық, мұнда ешқандай қосарлы стандарттар болмауы тиіс. Бесінші – «конструктивті көпқырлылық». Тап осындай шиеленіссіз көпқырлылық жаһандық сын-қатерлерден өтіп, ХХІ ғасырдағы адамзаттың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады.
Жаһандық диалогтың шоғырланған тетіктері қажет. G-GLOBAL форматы осындай тетік бола алады. Ал бұған қажетті коммуникативті алаң – Астана экономикалық форумы. Жаңа жобаның қағидаттары әлем тәртібінің бүкіл архитектурасын бойлап, БҰҰ мен халықарлық құқықтың негізгі құжаттарында бекітілуі тиіс.

2012 жылдың 24 мамырында Н.Назарбаев АЭФ-қа қатысушы мәртебелі экономист ғалымдардың тобымен кездесті. Олардың арасында Нобель сыйлығының лауреаттары – Роберт Манделл, Эдвард Прескотт, Джон Нэш,
Эрик Маскин, Роберт Ауманн, Финн Кидланд, Кристофер Писсаридес, Мюррей Гелл-Манн, Ада Цонат, Ричард Джон Робертс, Кэрри Бенкс Муллис болды. Әлемге аты мәшһүр ғалымдар қазақстандық идеяға қолдау білдірді. Ал бір аптадан соң, Астанада 30 мамыр күні G-GLOBAL-дың рухани-өнегелі аспектілері өзге беделді халықаралық форум – Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының IV съезіне қатысушылар арасында қызу талқыға түсті. Рухани көшбасшылар – Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл, Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Абдалла бен Абдель Мухсин ат-Турки, католик кардиналы Джованни Лайоло, Израильдің Бас
Ашкеназ Раввині Иона Мецгер және көптеген өзге де дін басшылары Қазақстанның күш-жігеріне қолдау білдірді.

Жаһандық тұрақсыздықтың жалғасуы және 2010-шы жылдардың ортасына қарай халықаралық жағдайлардың күрт шиеленісуі G-GLOBAL қағидаттарының маңыздылығына көз жеткізді.