«МӘҢГІЛІК ЕЛ» — МҰРАТЫМ
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын алғаш рет ортаға салған еді. Содан бері біршама уақыт өтсе де ел ішінде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын уағыздау ісі жалғасып келеді. Мұның өзі халықтың бір ту астына бірігіп, жұдырықтай жұмылған ұлт болуға деген арман-ниетінің биік екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, Конституциямыздың 20 жылдығына байланысты өткен жиында Елбасы осы – «Мәңгілік елдің» негізгі тірегі болып табылатын тағы да бір тың ойды ортаға салған болатын, ол – «Ұлы дала елі» деген ұстаным. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы – ата-бабамыз сонау ғасырлардан бері аңсап келе жатқан мәңгі мұраттардың бірі. Еліміз тәуелсіздік алып, енді қарқынды дамуға бет бұрған тұста «Мәңгілік ел» идеясын біздің ойымызша конституциялық деңгейде бекіту артық болмас еді. Әрине, біздің Конституциямызда идеологиялық әр алуандылық мойындалады, ал шын мәнінде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы белгілі бір идеологиялық ағымның негізіне құралған ұстанымдар емес, бұл бүкіл қазақстандықтардың дамыған мемлекетті құруға деген ұмтылысының көрінісі болып табылады.
Егер тарихқа көз жүгіртетін болсақ, жасампаз да, қуатты мемлекетті қалыптастырамын деген елдердің барлығы үлкен бір мемлекеттік ұстанымның аясында тоғысып, тізе біріктіріп, еңбек ететіндігін көреміз. Сондықтан да бізге де С.Торайғыров жырлайтын «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейтін» ел болсын деген ниетпен «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын елдік деңгейдегі бағдарға айналдыратын уақыт жеткендей.