ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫ: МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

   Қазақ поэзиясындағы аса көрнекті ақындардың бірі, әдебиет бәйгесінде оза шапқан, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, дара тұлға,  ақын Мұқағали Мақатаев жөні бір басқа. Рухани құндылығы асқақ қазақ әдеби мұрасынан  күш-қуат алған  ақын қаламынан өрбіген әрбір өлең, әрбір жыр-шумақтары поэзия әлемін бағындыра білген. Ақиық ақын шығармашылығына арқау болған тақырыптар тізбегі әр алуан. Адамгершілік, достық, тамылжыған табиғат, тұғыры биік тәуелсіздік, жалынды жастық пен ыстық махаббаттың өлең жырларында үйлесімділік тауып, ақынның ақындығына сәуле түсіріп, мәңгі жарқыратып, әдебиет төрінен орын алғанын айқындай түскендей. Дүниедегі бар құбылысты, санадағы  сан қырлы сезімді бір-ақ ауыз сөзбен жеткізе білген, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелей білген  Мұқағалидай ақын — қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың бірі. Иә, мен Мұқағали ағамызды көрген жоқпын, бірақ оның жырына қанықпын. Оның әрбір өлеңін тебіренбей, толғанбай оқу мүмкін емес, тіпті тұла бойыңды тулатады. Ақын өлеңдері бірде қайғыртып бірде қуанта, бірде жылатып бірде жұбата отыра қалың оқырман жүректеріне жол тауып, өлең-жырларымен талайлардың санасында жатталып мәңгіге қалып қойды.

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.  – деп оның   өзінің ұлтын, туған тілін, Отанын ерекше құрметтейтіні, халқымен қуана да, қайғыра да білгені, өз халқын жан тәнімен шексіз сүйгендігі айтпаса да түсінікті.  Кіндік қаны тамған туған жері, ғажайып өлкесі туралы толғанысы ерекше екендігі, оған деген ақын махаббатын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді.

 «Мұқағали жоғалса кайтер дейсің, 
Артымда қалсын жерім, қалсын елім» -деген жолдардан өзінен туған жерін жоғары қоятынын байқаймыз.  Өз  халқына мұңын емес жырын, қуанышы мен шаттығын арнаған ақиық  ақынның жүрекке жақын өлеңдерінен әрқашанда от аламын . Сонымен қатар, «Туған жерге», «Отан», «Елім барда», «Үш бақытым», «Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген»т.б өлеңдерін оқыған кезде тұла бойыңда нағыз патриоттық сезім ұяласа, махаббат тақырыбындағы өлеңі махаббат әлеміне жетелейді.

Маңдайымнан сипаған бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім.

Білмеймін бүзықпын ба, жындымын ба?

Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға.

Енді қалған өмірдің құрдымында

Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!- деп өмірден көптеген қиыншылықтар көрсе де, жанның  жарасын өлеңмен емдеп отырғандай.

 «Өлең менің бар тынысым, Жақсы сөзім-жаны игі халқым үшін….,

Өлең менің сырласымдай, Сырлассам да құмарым жүр басылмай» деген өмірге шын ғашық ақынның айтары әлі де көп еді.

   «Мұқағали поэзиясы-күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары көптің көкейінде қалып қоймақ. Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл- әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той»,- деп еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей биыл ақиық ақынымыздың 90 жылдық мерейтойын тойлағалы отырмыз.

 «Бүгін менің туған күнім.
Ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!» –деп өзі жырлағандай тірі кезінде бағасын білмеген ақиық ақынымыздың жылда дәстүрлі түрде туылған күніне орай  өлеңдерін оқып, ән айтып, тойлап келеміз. «Мынау — шапан,
Мынау — атың, мін»,- дей алмағанымызбен  …Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын…-деп жырлағандай мәңгі өлмес өлеңдерін санада жаңғыртудамыз.    

  Ол өлген жоқ, себебі ақ қағазға қара сиямен жазып кеткен хаты  арқылы мәңгі жасайды.

«Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табыламыз,- деген ақиық ақынның өлеңдерін де әндерін де халқымыздың  үлкені болсын, жасы болсын сүйіп оқиды,тыңдайды.Ол өзі айтқандай шаң басқан архивтерден табылған жоқ қазақпын деген әрбір азаматтың жүрегінен табылды.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым, елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- қара  өлеңнің құдіретін аспанға бір-ақ көтеріп, жарқырап жанған  Мұқағали есімі қашанда биіктен көрініп, мәңгілік жасай бермек!

 ЕЛУБАЕВА Алтынай ,

С.Қожанов атындағы жалпы орта білім

беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Түркістан облысы, Арыс қаласы