ТӘУЕЛСІЗДІК — ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ МӘҢГІЛІК КҰНДЫЛЫҒЫ
Жиырма бірінші ғасырдың жиырма бірінші жылы Қазақ Елі үшін ерекше маңызды жыл болмақ. Биыл еліміздің барлық азаматтары үшін ең қастерлі болып саналадын Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Біздің еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылында 30 ғасырлық жолдан өтіп, қаншама жасампаз бастамаларды жүзеге асырып, биік белестерді бағындырды деп мақтанышпен айта аламыз. 2021 жылы 5 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялады. Мен мақаланы қайта-қайта оқып, үлкен қуанышқа бөлендім. Киелі Отанымыз Қазақ Елінің 30 жылда жеткен жетістіктерін көз алдымнан өткіздім. «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды… Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік…Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік… Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» деп атап өтті ел Президенті.
Қазіргі кезде әлеуметтік желі қоғамның бөлінбес бөлшегіне айналып, оның ықпалы уақыт өткен сайын артып бара жатқаны белгілі. Ресейдің кейбір азаматтарының Қазақстанның жерінің кезінде сыйға берілгені туралы сөздері халқымыздың заңды ашу-ызасын туғызған болатын. Президентіміз осы мәселе туралы «Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деп ашық айтқаны қуантты. Мемлекет басшысының жер туралы, тіл туралы, бірлік туралы айтқан керемет сөздерін біз әрдайым есте сақтауға тиіспіз. Ол бабалардан мұра болып қалған қасиетті жерімізді басты байлығымыз деп бағалады, жеріміздің ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтінін, ешқашан сатылмайтынын бәріміз айқын білетін және болжымайтын ақиқат екенін айтты. Мемлекеттік тілді білу Қазақстаннның әрбір азаматының парызы, міндеті екеніне баса назар аударды. Еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауапты екенімізді, Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсу қажеттігін атап өтті. «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында.Қасиетті жеріміз, қастерлі тіліміз, береке-бірлігіміз — Қазақ Елінің мәңгілік құндылықтары. Сондықтан да қасиетті жерімізді көздің қарашығындай қорғап, тілімізді қастерлеп, бірлігімізді сақтауды жас ұрпақ терең түсініп, отансүйгіш тұлға болып қалыптасуы үшін ұстаздар қауымы аянбай еңбек етуі тиіс. Бәрі де тәрбиеге баланысты екені белгілі. Жуырда «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізілген болатын. Қабылданған Заңдағы маңызды нормалардың бірі — балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу. «Енді мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да жекеменшік ұйымдарда орналастырылады. Бұл мемлекет тарапынан үлкен шығындарды қажет етпей-ақ балалардың секцияларға, үйірмелерге және басқа да дамыту орталықтарына баруына қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов. Жаңа заңға сәйкес балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтеді,үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары білім беру процесіне енгізілгенге дейін міндетті түрде сараптамадан және апробациядан өткізіледі,министрлік білім беру ұйымдарына алып кіруге және онда пайдалануға тыйым салынатын заттардың тізімін бекітеді. Заңда қашықтан білім беруге қатысты жаңа нормалар пайда болды. Бұл өзгерістер, әсіресе үйірмелер мен дамыту орталықтарына мемлекеттің қолдау көрсетуі ұлтжанды, отансүйгіш жас ұрпақты тәрбиелеуге игі ықпалын тигізеді деп сенемін. Қасиетті құндылықтарымызды қастерлей білейік, жерімізді, тілімізді,береке-бірлігімізді құрметтеп жүрейік.
Есен Бақытгүл Артыққызы.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ