ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ТУҒАН ӨЛКЕНІ ТҮЛЕТКЕН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Үшінші мегаполисте ІІІ республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының қатысушылары марапатталды. «Түркістан» сарайында өткен салтанатты жиында туған өлкені түлетіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысқан іскер азаматтарды қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов құттықтап, алғыс хат табыстады.– Қоғамда болып жатқан әрбір оқиғаның артында адам басына түскен қайғы мен мұң, мейірімділік пен махаббат тұр. Мейірімділік пен ынтымақ біріккен кезде, төтеп бере алмайтын қиындық болмайды. Шымкентте де осындай ұдайы игі істің басы-қасында табылатын жандар аз емес. Олардың қайырымды істерін барынша насихаттап, көрсетуіміз керек. Қуанышты һәм жақсылықты бөліскен сайын артады. Қаламызда жомарт жүректі жандарымыз көп. Жастарды ізгілікте жарысуға үйретуіміз керек. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті, — деді Бахадыр Мәдәліұлы. Республикалық сайысқа жалпы саны 670 өтінім қабылданған. Нәтижесінде, бес номинация бойынша 30 адам жеңімпаз атанды. Байқау жеңімпаздары «Туған жер», «Асар», «Мейірім жолында», «Батыл жүрек», «Қайырымдылық тарихы» сияқты аталым бойынша анықталды. Мейірімділікке бастайтын ізгі жобаға Тұңғыш Президент қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы мұрындық болып отыр. Ұйымдастырушы Эльмира Созақбаева шаһарда «Қайырымдылық керуені» ІV республикалық конкурсына өтінімдер қабылдау басталғанын жеткізді. Байқауға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау 30 қарашаға дейін жалғасады.