«Сағынып қалдық». Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президентін қарсы алды
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев Ақордаға келді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Астанада өтетін Орталық Азия басшыларының кездесуіне қатысуға келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевты Елбасы қабылдады.
ҚР Елбасы Өзбекстан басшысын ыстық ықыласпен күтіп алды.
«Шавкат Мырза, қош келдіңіз Қазақстанға, қатты күтеміз, сағындық, кездеспегенімізге біраз болды. Сағындық. Көп шаруалар жасап жатырсыз. Көршілердің бәріне барып қайттыңыз. Барлығын түзеп жатырсыз. Екі еліміздің арасындағы айналым сіз айтқан 2 миллиард долларға жетті. Осы жылы көптеген жұмыстарды атқардық, көршілерімізбен достық қатынас орнаттық. Ондаған жылдар бойы шешілмей келе жатқан сауда-саттық мәселесін және басқа да мәселелердің шешімін таптық. Орталық Азия басшыларының кездесуі жайлы пікірді де сіз айтып едіңіз, бүгін бес елдің басшылары кездесіп отырмыз. Біз барлығымыз бауырлас елдерміз, саяси мәселелер туындаған емес. Осы жерде көптеген мәселелерді – экономика, өзара қарым-қатынас, сауда-саттық, байланыс, транспорт мәселелерін талқылайтын боламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен және бір мәрте сізді көргеніме бек қуаныштымын. Әлбетте сізбен кездескенімізден бергі бір жарым жыл ішінде екі дос халық арасындағы қарым-қатынас мүлде басқа арнаға ауысты. Біз күтпеген нәтижелерге қол жеткіздік. Сізбен кездескеннен бері қарай барлық алаңда ілгерілеушілік бар, экономикалық айналымның бір жылдың ішінде 2 миллиард доллар болғаны үлкен нәтиже. Басқа барлық үміттеріміз бен сенімдеріміздің орындалғаны адамдардың жүздерінен ақ көрінеді. Шекараларды ашқанымыз, тразиттер мен тарифтердің өзгергені, тек теміржолдың өзінде тауарайналымы 44 пайыз пайызға дейін өсу – үлкен нәтиже. Алдағы уақытта да бірге көптеген мәселелрді шешетін боламыз», — деді Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев.
Айта кететін болсақ, Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі 5 мемлекеттің ішіндегі жағдайларды, экономика, сауда-саттық, инфрақұрылым, логистика, сынды барлық мәселелерді шешуге бағытталған.