ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСТЕР

Қазақ халқының іргесі сөгіліп, бірлігі мен ынтымағы кетпеуі жолында дала заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер тер төкті. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі жоғары елді жау алмайды» деген қазақ халқының мақалдары да халқымыздың қашан да жұмыла бірлесіп ел тізгінін өзгеге бермегеніне дәлел бола алды. ХХ ғасыр да қазақтар үшін өзінің қанды қылышын сүйретіп жетті. Бейбіт өмір орнап, жағдайымыз түзелді-ау деген шақта еліміз Кеңестік биліктің қатал ықпалына түсті. Сонда да тайынбай, еңсесін түсірмей тәуелсіздік алатынына сенімін жоғалтпаған ержүрек халқымыздың арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері биліктің бұрыс жақтарын беттеріне басып, кемшіліктерін әшкерелеп, мемлекеттің еркіндігіне қол жеткізуге әрекет еткені үшін өлім жазасына дейін кесілді. Мұны құлағымен естіп, көзімен көріп отырса да өзге жастар айтқанынан қайтпай, батыр баба ұрпағы екенін танытып, туған жерін өз жанынан биік қойды.

Әлихан Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері,әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп бақты. «Осы кісілер тірі болғанда қалай болар еді?» деген сұрақ көкейімнен кеткен емес.

Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді, Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық.Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті.

1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды,егемен ел азаматтарының құқықтарын , мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. «Тарихты жеңген жазады»дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміз көрінді. Ұлттық валютасы, әнұраны, туы және елтаңбасының пайда болуыкөгінде қыран еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екенін дәлелдеді. Тіл  ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе? Осыны ескерген көреген Елбасымыз мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды.

Н. БАТЫР