ЕЛБАСЫ — ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Елбасы сонау сексенінші жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне хатшы болып келген кезден көз алдымыз-
да, еңбегімен, алғыр ойлы азамат ретінде көзге түсті. Артынша Үкімет басшысы болды, көп ұзамай сол кездегі бірінші басшы – ҚКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне көтерілді. Егеменді Ел болған кезде Президент болып сайланды.

Ол кісінің Қазақстанның Ел болуындағы еңбегіне, тақыр жерде бау жасағандай, далада қалған жұрттан әлемде 50 елдің қатарына көтерілген мемлекет жасағанына толыққанды баға беруге менің өрем жете қоймас. Дегенмен ең бастысы, Егемен Ел болдық, қай жолмен жүруді таңдай алмай тұрған кезде, көршілерде айтыс-тартыс, керек болса, атыс болып жатқанда Ел тыныштығын сақтай білгені, қантөгіске жол бермегені, ол үлкен салиқалы саясаттың арқасы. Еш елде болмаған Халық ассамблея-
сы институтын құрып, ұлттар бірлігін, ұлтаралық татулықты сақтай білді. Бұл оңай шаруа емес.

Әлем мойындаған халықаралық деңгейіндегі саясаткерлердің өзі Қазақстанның ел болып кетуіне күманданған көзқараста болды және оны ашық айтып жүрді. Елбасы өз халқының қонақжай, кеңпейіл, бауырмал екендігін әлемге жария ете білді.

Сол сияқты ең күрделі мәселелердің бірі – ғасырлардан келе жатқан толыққанды келісімге қол жеткізе алмаған шекара мәселесін көрші елдермен орнықты шешуге қол жеткізіп, халықаралық ұйым – БҰҰ-на ресми түрде бекіттіруге мүмкіндік алды. Бұл да аса бір жоғарғы деңгейдегі дипломатиялық көрсеткіш, тіптен жеңіс десе де болады. Қазақ дейтін халықтың «Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын» деген көршіге аса жоғарғы деңгейдегі ықылас пейілін тағы бір рет дәлелдеп өтті.

Нұрсұлтан Әбішұлымен ең алғаш бетпе-бет жүздесуім 2001 жылы болды. Ол кісі Сырдарияға салынған Мырзашөл аймағына өтетін көпірдің, «Сарыағаш» демалыс аймағындағы «Алтын бұлақ» шипажайының ашылуына қатысып, Түркістан қаласына өтер жолда Отырар ауданындағы Арыстан баб баба кесенесіне зиярат етіп өтетін болды. Мен сол кезде Отырар ауданының әкімі едім. Үш вертолет ұшып келді де, біреуі қонып, қалғандары ұшып өтті. Мен бір өзім ғана вертолетке жақындадым, ресми протоколда жоқ болғанымен үш қызды қазақша киіндіріп, нан, ағарған, тұзбен жаныма ертіп бардым.

Вертолеттен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Елбасы түсті. Облыс әкімі мені Елбасыға таныстырды, ол кісі ел жағдайын сұрап, жауап алып болған соң: «Қыздар дәм-тұз алып шығыпты, ауыз тиейін», – деп бұрылған кезде Сапарбаевқа ақырын ғана сыбырлап: «Мына жардың астында жыршы тұр сырнайымен, жақсы арнау бар», – дедім. Ол кісі дыбыстап жауап бермей, болмайды дегендей басын шайқады. Осы кезде нан ауыз тиіп болған Елбасы облыс әкімінен: «Аудан әкімі не деп тұр?» – деп сұрады. Ол кісі: «Ешнәрсе», – деді. Елбасы маған бұрылып: «Бауырым, айдалада ағайынды үшеуміздің жыр тыңдап тұрғанымыз жараса ма?» – деді. Мен таңқалып, құлап қала жаздадым, қалай бізден әрірек, теріс қарап тұрған кісі менің сыбырлаған сөзімді естіді, мүмкін емес еді ғой деп ойладым.

Кесенені аралап шығып, жүз қаралы адам жиылып қалған, ол кісілермен тілдесіп, көлікке міне бергенде бозторғайдай шырылдаған дауыс естілді. Жалт қарадым. Жасы 10-11 шамасындағы, бір балағы түрулі, шәпкісі қисайған, кәдімгі көшеде ойнап жүрген ауылдың қарадомалақ баласы: «Нұрсұлтан аға, зияратыңыз қабыл болсын! Қазақ елінің бағына қарай Алла ұзақ ғұмыр берсін!» – деп тілек жаудырып тұр. Назарым Елбасыға түсті. Қарасам, машинаға салған аяғын түсіріп, толқи тыңдап тұр екен. «Рахмет! Бақытты бол, балам!» – деді де, көлікке мінді. Мен орынбасарыма: «Бұл балақай кім болды, біліп келші», – дедім де, Елбасыны шығарып салуға жүріп кеттім.

Қайтып келген соң орынбасарымнан әлгі баланың кім екенін, қай ауылдікі екенін сұрадым. «Шәке, сеніңіз, сіз айтқан бойдан іздедім, бала жоқ, ешкім білмейді, көрмеген де. Сол бойы оны таппадым», – дейді. Мен үнсіз, терең ойға тұнып, тұрып қалдым.

2006 жылы мен облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясы филиалының басшысымын, «Бейбітшілік» көшесінде саяси-ағарту үйін облыстық партия филиалының офисіне қайта жасақтап ашатын болдық. Сол кезеңде іс-сапармен Елбасы Оңтүстік өңіріне келді, партия үйін аралап көрді. Бес-алты кісі ғана ғимарат алдында тұрмыз. Елбасы: «Кеңес Одағы идеологияны күшті жүргізген. Қарашы, саяси-ағарту үйін қаланың көрікті жеріне, керемет етіп салған. Сіздер де енді партия жұмысын жоғары деңгейге жеткізе жүргізіңіздер», – деп тұрды. Мен ол кісінің артқы жағында тұрмын. Аз ғана кісі мына жерде суретке түссек, бір тарихи ескерткіш болар еді деп ойладым. Бірақ оны айта алмаймын ғой. Өйткені ол кісінің әрбір минуты есептеулі, қатталып қойған. Сол кезде Елбасы маған бұрылып: «Қалай, бауырым, суретке түскің келіп тұр ма? Иә, бұл бір тарихи кезең ғой. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратын ашып тұрмыз, Өмірзақ, кел, үшеуміз бір саты төмен түсейік, қалғандары екінші қатарда тұра қойсын», – деді. Менің тілім байланды – Отырарда жай сыбырласам да әйтеуір дыбыс шығарып сөйледім ғой, ал мына жерде тіптен дыбыс шығарған жоқпын. Сонда қалай? Мен қарсы алдында қарап тұрсам, көзімнен ойымды аңғаруы мүмкін, ал мен ол кісінің желке тұсында тұрмын. «Алла ерекше қасиет берген кісі ғой. «Талайлымен таласпа» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған екен» деп кейін өзімше тұжырым жасадым.

Бірнеше жыл бұрын:«Уақыт келген сияқты, мен өз еркіммен орнымды ізбасарыма беремін», – деп, Ата Заңға сәйкес, Сенат спикері Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына президенттік тақты табыстады. Енді «Ұстаздан шәкірт озса, бір ғанибет болса» деп бабалар айтқандай, шәкіртінің тілеуін тілеп, елінің жарқын болашағын ойлап, еңбегінің зейнетін көріп, армандарының орындалып жатқанына шүкіршілік етіп демала берсе, Алла ұзақ ғұмыр берсін деген тілекпен естелігімді аяқтаймын.

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,

IV, V шақырылымдардағы

Парламент Мәжілісінің депутаты. Оңтүстік Қазақстан облысы,

Отырар, Созақ аудандарының

Құрметті азаматы.