ХАЛЫҚ БАҚЫТЫНА АРНАЛҒАН ӨМІР
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың өмір жолы, ұлы істері мен ұлағатты ғұмыры тек қазақ халқына ғана емес, әлем деңгейіндегі көптеген елдерге танымал тұлға ретінде белгілі екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Н.Назарбаевтың сұңғыла саясаткерлігі, харизмалық биік өресі, мұқалмас қажыр-қайраты туралы көп айтылып та, жазылып та жүргені барлығымызға мәлім. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгінгі бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанының өзінен өзі келмегені белгілі. Еліміздегі бүгінгі бейбіт өмір мен игілікті тірлік, экономикалық сілкініс, азаматтарымыздың өмірге деген құштарлығы, өз күшіне және келешекке деген сенімділігі бүгіндері біз үшін кәдімгі жайға айналып отыр.
Осыдан 30 жыл бұрынғы жағдайды еске алып, тәуелсіздік жылдармен салыстырып көрсек, Қазақстан бүгіндері көптеген елдерден тек озып қана қоймай, небір сын жылдардан сүрінбей өтіп, басқаларға үлгі болатындай жағдайға жеткенімізді көріп қуанамыз. Мемлекетіміздің осындай дәрежеге жетуін халқымыз-
дың қажымас еңбегі, ажырамас, тұтас бірлігі мен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа деген үлкен сенімінің арқасында екенін байқаймыз.
Жаңа мемлекет қалыптастыру қашанда күрделі тарихи міндет екені белгілі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін ауыр кезең болғанын сол кездегі аға буын өкілдері мен біздер жақсы білеміз. Сол жылдары Елбасымызға деген сенім қалыптасып, осы сенім бүгінге дейін жалғасып келеді.
Н.Ә.Назарбаевты өз басым алғаш рет 1981 жылдың маусымында көріп, танысқанымды ұмытпаймын. Ол кезде Ленгір (қазіргі Төлеби) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы едім. Біздің облысымыздағы 4 ауданды біріктіретін сайлау округінен Одақтың Жоғары Кеңесінің депутаттығына жаңадан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп мәселелері жөніндегі хатшысы болып сайланған Н.Ә.Назарбаев ұсынылып, біздің ауданымызда сайлаушылармен кездесу өткізген еді. 40 жасқа толған жігіт ағасының сөздері мен жауаптары, облыс пен аудан басшыларымен пікір алысқаны біздер үшін үлкен әсер қалдырған. Сол жиналысқа қатысқан көптеген белгілі ел ағалары Н.Назарбаевтың келешегінен зор үміт күтетіндігі туралы көп әңгімелер айтып жүрді.
1990 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің еліміздің тарихында бірінші рет болған демократиялық сайлауы өткізілді. Балама кандидаттар орын алған бірінші осы сайлау сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен өткізілді. Бұрынғы партия дәуіріндегі сияқты емес, сайлауды халық еркіндігі салтанат құрған дәрежеде өткізу үшін саясат ұстады, қалаған адамдардың сайлануына мүмкіндіктер жасалынды, демократияның алғашқы көріністері орын ала бастады. Осының нәтижесінде бұрын партия, кеңес жетекшілері болған кейбір тұлғалар сайлау кезінде кейінгі толқын өкілдеріне саяси аренадан орын беруге мәжбүр болды.
Маған осы Жоғарғы Кеңеске депутат ретінде Н.Ә.Назарбаев-
тың сессияларға қатысқан кездерін көріп, ол кісімен сұхбаттасудың реті келген болатын. Одақтың құлдырауының алдында, кейіннен мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдарда Н.Назарбаев сессияларға көп қатысып, өзінің салиқалы пікір-ойларын депутаттарға жеткізіп отыратын. Бұл жылдар республика үшін өте қиын кезең болды, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу уақыты еді, сонымен бірге осыған байланысты жаңа мемлекет үшін жаңа заңдар шығару үшін күрделі міндеттер тұрды. Одақтың күйреуі мен тарқауы кезінде халықтың тұрмыстық жағдайы төмендеп кетті, азық-түлік жетіспеушілігі, оның бағасы шарықтап кетуі, бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуі, көптеген зауыттар мен фабрикалардың банкротқа ұшырауы, жұмыссыздықтың белең алуы, осыған байланысты респуб-
ликадағы шахтерлер мен басқа жұмысшылардың билікке деген наразылықтары көрініс бере бастаған сияқты ауыр жылдарды бастан өткіздік. Осы уақыттарда Н.Назарбаев Жоғарғы Кеңесте депутаттардың алдында болып жатқан қиыншылықтарды ашық айтып, одан шығу жолдарын бірлесе айқындап, көрегенділікпен саясатты жүргізгеніне барлығымыз куә болдық.
1991 жылдың қазан айында Н.Назарбаев біздің облысымыз-
ға келіп, облыстық Кеңестің сессиясына қатысып, Одақтағы сол кездегі саяси және экономикалық ахуал туралы, республика басшылығының оған көзқарасы жөнінде активке айтып берген еді. Сол жылы, 1991 жылдың 1 желтоқсан күні Президент сайлауы белгіленген еді, үзіліс кезінде залда тұрған мен ол кісіге барып амандасып, біраз сөйлескен жағдайым болды. Сонда Созақ ауданының экономикалық, экологиялық ахуалы, халықтың тұрмыстық жағдайы сияқты түрлі мәселелерді қозғап, ауданға уақыт тауып келуін өтіндім. Ол кісі алдымызда келе жатқан сайлауды өз дәрежесінде өткізгеннен кейін бұл мәселеге ораламыз дегенді айтты.
Осы жерде тағы бір ерекше атап өтетін бір жайтты еске түсіргенді жөн көріп отырмын. Ол – Одақ тарқардың алдында басқа республика басшыларының арасында Н.Ә.Назарбаев есімі ерекше аталып жүргендігі. Қазақстан Одаққа кіретін респуб-
ликалардың ішінде тәуелсіздік алғандардың соңғысы болды. 1991 жылдың ішінде басқалар егемендік алып, Одақтан шыға бастағаны тарихтан белгілі, ал Қазақстан осы Одақты басқа форматта ұстап тұруды көп айтып жүрді. Бұрынғы экономикалық байланыстарды сақтап қалудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлгендігі белгілі. Сол жылдары Одақ көлемінде Елбасымыздың абыройы өте жоғары болғандығы, сол кездегі М.Горбачев, Б.Ельцин және басқа басшылардың әрдайым ақыл-кеңестер сұрайтындығы, оның пікірлерімен санасатындығы туралы көптеген деректер келтіруге болады. КСРО халық депутаттарының 1989 жылдың көктемінде бүкіл ел көлемінде беделі жоғары болып тұрған бүкілодақтық «Диалог» журналы «Жыл саясаткері» конкурсына жүргізген сауалнамада оқырмандардың 40 пайызы Н.Ә.Назарбаевты қолдады. Ал осы конкурста М.Горбачев – 18 пайыз, Б.Ельцин – 36 пайыз алған екен.
1990 жылдың ішінде Кеңес Одағының аумақтарына «Кімді 1990 жылдың адамы деп айтуға болады?» деген сұрақ қойғанда жауаптардың көпшілігі М.Горбачев, Б.Ельцин, М.Тэтчер, Д.Буш, Г.Коль, Н.Назарбаевты ерекше атап өткен еді. Ол жылдары Н.Назарбаевтан басқа Кеңес Одағы ауқымында елеулі тұлғаға айналған ешкім болмады. Н.Назарбаев өзінің естеліктер кітабында: «Одақтық ыдырау үдерісін бетімен жіберіп алғанымыздан сондай апаттың шығуы әбден мүмкін еді. Оның үстіне КСРО-ның көптеген республикаларында ұлтаралық қатынастар да ушыға бастаған болатын. Абырой бергенде, кешегі кеңестік кезеңде халықтар арасында қалыптасып үлгерген достық қатынастың арқасында біз ондай апатқа ұрынбадық. Осындай тұста мен ең алдымен Қазақстан тағдыры туралы, өз халқымның ертеңі туралы ойлануға, толғануға тиісті едім», – дейді.
1991 жылғы аласапыран кезінде бет-бетімен кетудің аз-ақ алдында тұрған кеңестік республикалар басшыларының басын Алматыда қостырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрған Алматы Декларациясын қабылдап, онда кеңестен кейінгі республикалардың мемлекеттік шекаралары ҚСРО тараған кездегі бұрынғы кеңестік республикалардың әкімшілік-аумақтық шекаралары болады деп көрсетілуіне қол жеткізу үшін Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен көрегендігін, елдің болашағының шуақты болуына арнаған тарихи қадамын еш уақытта ұмытпауымыз қажет.
Н.Назарбаевпен тағы бір кездесуім еске түсіп отыр. 1998 жылы қазан айында 1999 жылдың қаңтарында Президент сайлауын өткізу жөнінде Жарлық шықты. Ол кездегі сайлау туралы заңдарға сәйкес, президенттікке үміткерлердің сенімді өкілдерінің саны республика бойынша 25 адамға дейін болуы көзделген. Осыған орай, біздің облысымызда сайлаушылардың көптігіне байланысты Орынбай Рахманбердиев екеуміз Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілдері ретінде белгіленіп, ол кісінің қабылдауында болдық. Қабылдау кезінде ол президенттікке кандидат ретінде барлық жерде бола алмайтындығын айта келіп, бізден (сенімді өкілдерден) өз өңірлерімізде халықпен кездесу ұйымдастырып, Президенттің саясатын халыққа түсіндіріп айтуды өтінді, сол кездегі республикадағы экономикалық, саяси ахуалмен және халықтың тұрмыстық деңгейімен таныстырды.
Осы жиынның соңында Алматыдан келген сенімді өкіл – белгілі ақсақал кісі (аты-жөні есімде қалмапты) Нұрекеңе сауал қойды. «Нұреке, республикада өзіңіздің басшылығыңызбен көптеген жұмыстар атқарылып, еліміздің жағдайы түзуленіп, халықтың тұрмысы жақсарып келе жатқандығын білеміз. Осы жерде менің айтайын дегенім, әлі де болса тәртіп осал жерлер бар екенін айтуымыз керек, бұның барлығы алға жылжуымыз-
ға кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан Президент ретінде тәртіпті қолға алып, тиісті лауазымды азаматтардан қатаң талап етуіңізді сұраймын», – деді. Елбасымыз сұраққа былай жауап бергені есімде: «Сіздің қойып отырған сауалыңызды түсінемін. Қазақстанды Конституцияда құқықтық мемлекет ретінде жарияладық, сондықтан тәртіп мәселесі заңдар арқылы шешіліп отырады. 70 жылдан астам уақыт қазақ халқы кеңестік дәуірде Мәскеудің бодауында болып, көптеген қиын кезеңдерді бастан өткізгенін өзіңіз жақсы білесіз. Сондықтан халқымыз енді ғана егемендігін алып, өзі дербес мемлекет құрып, көңілі көтеріліп келе жатқан кезде мен қайтадан репрессия жылдарын орнатпаймын. Ол саясат дұрыс деп есептемеймін», – деді.
Осы сөздер менің жадымда көп уақыттан бері сақталып келеді. Менің түйгенім – Елбасымыздың бұл сөздері өзінің халқына деген сүйіспеншілігі, адалдығы, сенімділігі мен қамқорлығының көрінісі болса керек.
Республиканың басшылығында Елбасымыз 30 жылға жуық елімен тағдырлас болып, қиын кезеңдерде оған сүйеніп, қуанышты сәттерді бірге бөлісіп келеді. Осы жылдар көз алдымнан өтті, кеше ғана кеңес, партия заманында өмір сүріп, еңбек етсем, бүгіндері еліміздің көркейіп, өсіп, қарқынды дамып келе жатқандығына шүкіршілік етеміз. Осының барлығы – Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен болған жетістіктер.
Былтыр Елбасымыздың ұсынысымен Қасым-Жомарт
Кемелұлы Тоқаев республика Президенттігіне ұсынылып, сайланды. Елбасымыздың саясатын одан әрі абыройлы жалғастырып келеді. Бүгіндері мемлекетіміздің «Сабақтастық. Әділік. Өрлеу» қағидаттары елдің көңілінен шығып, қай салада болсын игі өзгерістердің куәсі болып отырмыз.
Елбасымыздың оңтүстікке деген ықыласы бүкіл жұртшылыққа белгілі. Облысымыздың орталығы 2018 жылы қасиет-
ті Түркістан қаласына көшірілді. Шымкент қаласына республикалық мәртебе берілді. Бұл шешімдер өңірдің өсіп-өркендеуі үшін, түркітілдес мемлекеттермен байланысын ұлғайтып, Түркістан қаласының еліміздің рухани орталығына лайықты дамуына зор мүмкіндіктер берілгендігін көреміз.
Шымкент қаласы еліміздің үшінші мегаполисі ретінде жылдан-жылға көркейіп, кеңеюіне жәрдем беріліп жатыр. Елбасымыздың осы идеясының дамуына бүкіл оңтүстіктегі халық ризашылығын барлық уақытта білдіріп, рахметін айтып келеді.
Н.Ә.Назарбаевтың өзі жазған мынадай бір шумақ өлеңімен осы естелік жазбамды аяқтағым келеді:
«Жабыққанды жебесем,
Елді жұртпен теңесем,
Қосынында қазақтың
Бекер жүрмін демес ем!»
Өзінің сүйген халқы үшін аянбай терін төгіп, Қазақстанды дүние жүзіне танытқан Елбасымыздың ғибратты өміріне зор денсаулық, бақытты жылдар тілейміз, елі үшін атқарып келе жатқан еңбегіне мың алғыс айтамыз!
Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысының
Құрметті азаматы,
қоғам қайраткері.