ҰСТЫН немесе ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ ТУРАЛЫ ОЙ-ТОЛҒАУ

Кез келген заттың ұстыны мықты болмаса, оның ғұмырының ұзақ болмайтынын алғаш ұқтырған өз әкем, белгілі ақын Рахым Балабиев еді.

Мен үшінші сыныпты бітірген жылы есіктің алдына асарлатып, жазғы сарай салдық. Құрылысты әкем басқарып жүр. Сәрсен көкелер бастаған кісілер бір дәу бөренені көтеріп келе жатқан. Әкем әлгі кісілерді тоқтатты да, бөренені әрі-бері аударып-төңкеріп көрді. Сосын: «Мына ағаштарың ұстын болуға жарамайды, басқасын табыңдар», – деп кері қайтарып жіберді.

Сол ұстын болуға жарайтын ағаш дәл сол күні табыла қоймады. Себебі ол кезде дәл қазіргідей бұрыш-бұрышта «Құрылыс материалдары» деген сауда үйлері тұрмайтын. Үйді әркім қолында бар материалдармен салатын. Әкемнің әлгі дәу бөренені қайтартып жібергені жұмысқа кәдімгідей қолбайлау болғаны есімде. Сәрсен көкем кейін басқа ағашты таңдап әкеліп, жұмыс екі-үш күн кешігіп барып қайта басталып еді.

Кешкі шайдың үстінде әкемнен: «Бірінші әкелген бөрене мына кейінгі әкелінген бөренеге қарағанда, қайда-а-а үлкен еді ғой. Оны неге қайтартып жібердіңіз?» – деп сұрадым. «Балам-ай, соны да аңғармадың ба, бірінші әкелінген бөрененің көлемі үлкен болғанымен, іші әшейін бос кеуек еді ғой. Ондай ағаштар ұстын болып жарытушы ма еді?» – деген әкем сосын ұстын болуға лайық ағашты таңдарда қателеспеу керек екендігін тәптіштеп түсіндіріп кетті. «Үйді ұстап тұратын – ұстыны. Ұстыны осал үй ұзаққа бармайды, құлайды. Сонша салмақты мықты ұстын ғана көтереді. Сондықтан ұстындық ағашты таңдарда қателеспеу керек», – деп өз ойын тағы да шегеледі.

Бала кезде әкемнен естіген сол бір әңгіме кейін менің өмірлік кредома айналды десем де болады. Ірі-ірі қадамдарға барарда міндетті түрде әкем айтқан ұстын ағаш туралы ойланамын.

Ұстын десе менің көз алдыма бүкіл үйдің тонна-тонна ауыр салмақтарын көтере алатын кәдімгі шымыр белағаш келеді.

Ұстын десе менің көз алдыма бүкіл бір әулеттің барлық қиыншылықтарын бір өзі көтеріп кететін мықты азаматтар келеді.

Ұстын десе менің көз алдыма әлем алдында бүкіл бір мемлекеттің айбынын асыра алатын Нар Тұлғалы Азамат келеді.

Ұстын десе менің көз алдыма Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келеді.

Қазақстан деген алып мемлекеттің ұстыны – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Дұрысы – осы!

Жаңадан үй саларда ұстын ағаш таңдауда қателеспеу қандай маңызды болса, жаңадан мемлекет құрарда сол мемлекетке ұстын болар тұлғадан қателеспеу де соншалықты маңызды екен ғой. Елдің бағына мемлекетке ұстын болар тұлғаны таңдауда сол жылдары біздің отандастарымыз қателескен жоқ. Ол шынында да жолында жүк қалдырмайтын нағыз Нар болып шықты. Әділін айтайықшы, кешегі тоқсаныншы жылдар экономикасы шикізатқа қана негізделген Қазақстанды айтпағанда, әлемдегі мойны озық елдердің қатарында жүретін Ресей, Украина, Белоруссиялардың өздерінің белдерін сындырмаса да, ыңыршықтарын айналдырып жіберді ғой. Қазақстанды тоқсаныншы жылдардың қатерлері мен қиындықтарынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сүйреп шығарды. Бұл – аксиома! Ал бүгінгі алып мемлекетті құру, оны сақтап қалу, жиырма бірінші ғасырға айбынын асырып жеткізу оңай болды ма?

Қане, бәріміз сол күндерді тағы бір еске түсіріп көрелікші.

Сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында жетпіс жыл бойы Кеңестер Одағының құрамында болған мемлекеттер бірінен кейін бірі дүрлігіп жатты. Ол жылдары одақтас республикалар экономикамен емес, тек саясатпен өмір сүріп тұрды десек, қателеспейміз. Елдің алды біртіндеп ашыға да бастаған. КСРО-да не көп, президент көп. Горбачевтің өзін айтпағанда, әр одақтас республиканың өздерінің президенттері пайда болды. Бірінен бірі өтеді. Шын мықтыны ажырату қиын. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін саясаткер. Елдің бәрі саясатпен шұғылданғаннан кейін жұмыс жүрсін бе? Елдің алдының ашыға бастағаны содан еді.

Дәл сол кезде қарапайым халық шын мықтыны қапысыз таныды. Бүгінде біреу білер, біреу білмес, Мәскеудегі үлкен-үлкен сарайлардың төрінен «КСРО-ның тізгінін Назарбаевқа ұстату керек» деген әңгімелер шыға бастады. Горбачев қызметінде. Одан бөлек, тағы он бес президент бар. Бірақ халық олардың бірде-біреуінің есімдерін ауыздарына алмады. Бәрінің таңдауы тек Назарбаевқа түсіп еді.

Бұл нені білдіреді? Бұл Құдайдан бір жас кіші халықтың таңдауда қателеспейтінін білдіреді!

Алайда қазақтың бағына Назарбаев шенқұмар емес, елқұмар болып шықты. Егер дәл сол кезде мына ғаламзаттың жартысын бауырына басып жатқан алып империяны басқарамын десе, жолына ешкім де кесе көлденең тұрмас еді. Елдің елдігі, ердің ерлігі сыналар сәтте Назарбаев КСРО-ны сақтап қалуды емес, Ұлы Қазақияны аман алып қалу жолын таңдады. Қазірге дейін кейбір «саясаткерлер» Назарбаевты «Қазақстан тәуелсіздікті ең соңынан алды, Нұрсұлтан Әбішұлы сол жылдары батыл шешім қабылдай алмады» деп сынап жатады. Бірақ ол кісілер Назарбаевтың сол жүрісінің өзі қазақты аман алып қалу үшін жасалынған тактикалық жүрістер екенін болжауға не қабілетсіз, не оны мойындағысы келмейді. Ол кездегі әрбір артық жасалынған қадам бүкіл бір ұлтты құрдымға жіберуі әбден мүмкін еді ғой. Тиісті уақыттан ерте де, кеш те қимылдауға болмайтын. Әсіресе асты-үсті байлыққа толы алып территорияны құшағына басып жатқан, бүкіл экономикасы тек шикізатқа негізделген, мемлекетті құраушы ұлты 50 пайызға да жетпейтін Қазақстанды жоқ қылып жіберуге бір шалт қимылдың өзі жететін. Қазақстанды басқаратын адам саясаттағы зергер болуы керек еді. Сол талаптың үдесінен Н.Ә.Назарбаевтың шыққанын уақыттың өзі дәлелдеді емес пе?!

Сіздер 1991 жылдың 16 желтоқсаны күнін естеріңізге бір түсіріңіздерші. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Қазақстанның тәуелсіздігін жариялайтын тарихи сессиясы. Шіркін, телеарналар сол сессияның жұмысынан түсірген бейнехабарларын тағы бір жариялар ма еді?! Жоғарғы Кеңестің тәуелсіздікті жариялау-
ға қарсылық танытып отырған депутаттарының алдында мәселені бүге-шігесіне дейін басынан бастап түсіндіріп отырған Назарбаевтың жанарында дәл сол кезде «Не тәуелсіз ел боламыз, не мүлдем құримыз. Бұл – қазақ үшін тарихи сәт!» деген ойдың ұшқыны анық аңғарылып тұрып еді ғой. Ол күнді көрмегендерге мұның бәрі ертегі. Ал біз сол бір тарихи сәттерді теледидардан болса да көрдік. Көргеннен кейін де тәуелсіздіктің оңай келмейтініне шынайы сендік.

Ел билеуші ретіндегі Назарбаевтың тағдырын өте күрделі тағдырлардың санатына жатқызуға болады. Оның алдында ешқандай үлгі жоқ еді. Ол жаңадан мемлекет құрды. Ол бәрін жүріп келе жатып үйренді. Өзінің әрбір қадамынан сабақ алып отырды. Оған қателесуге мүлдем болмайтын. Ол бір қате қадам жасаса, өзі ғана құрымайтын, жаңа, жас мемлекетті құрдымға жіберетін. Сол бір қиын жылдары ол мемлекетті сақтап қалатын амалдардың бәрін жасады. Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы бір жас   мемлекеттің қауіпсіздігіне ғана кепілдік болған жоқ, түптің түбінде әлемдік текетірестерді сабасына түсіріп, жер-жаһанды билеп тұрған қатқыл саясатты жұмсартудың алғышартына  айналмады ма?! Қазақстан дәл сол сәттен бастап әлемде «Бейбітшілік аралына» айналып жүре берді. Бүкіләлемдік дін өкілдерінің бір-бірімен араларындағы проблемаларын реттеу үшін Арқа төсіне жиналуы, Сирия дағдарысы кезінде әлемдік саясаткерлердің Нұр-Сұлтан қаласына ағылуы өзімен өзі болып жатқан процесс емес қой. Оның негізінде Назарбаевтың тоқсаныншы жылдардың басында ядролық қарудан бас тартуға жасаған батыл қадамы тұрғанына саясаттанушылардың шындап назар аударатын шағы жетті ғой деп ойлаймын. Міне, сол бір жалқы шешім Қазақстанды бүгінгідей барқадарлы мемлекетке айналдырды. Ал мұндай шешімді елге, мемлекетке ұстын бола алатындай Тұлғалар ғана қабылдай алса керек.

Қазақстан кешегі сақ заманынан бүгінгі бақ заманына оңайдан оңай жете салған жоқ. КСРО алып империя ретінде өзі ғана күйреп қоя салған жоқ, құрамындағы республикалардың тағдырын да қыл ұшына қойды. Әсіресе тек шикізат шығаратын Қазақстанды. Назарбаевқа жаңа, жас мемлекеттің басшысы ретінде халықтың психологиясын өзгертпесе, оны 180 градусқа бұрып жібермесе болмайтын еді. Ортаға «өкіметке сеніп, отырып қалма, өз күніңді өзің көр» деген ойды тастауға ол кезде екінің бірінің жүрегі дауаламайтын. Олай айтқан адамды «шықпа, жаным, шықпамен» отырған ел тірідей жеп қоятын кез еді, ол кез. Халыққа олай ескертпесе тағы болмайды.

Назарбаев сол сөзді ақыры айтты. Және ол жолы да ерте де айтқан жоқ, кеш те айтқан жоқ, тура дер кезінде айтты. Құр айтып қоя салған жоқ, ол сөзді елінің жүрегіне жеткізе білді. Елдің жүрегіне жететіні – ол сөз өзінің де жүрегінен шығып еді.

Рас, әдепкіде адамдар ол ұстанымға ренжіп жүрді. «Сонда мемлекет не үшін?» деген күңкіл-сүңкіл сөздер әр жер-әр жерден естіліп қалып жататын.

Негізі жетпіс жыл бойы мемлекеттің мойнына отырып, үйреніп қалған адамдарды да түсінуге болатын еді. Олар Кеңес Одағының кезінде тоқ жарау жүрмесе де, аш болмады. Орта құрсақ өмір сүрді. Әр адамның көкейінде «өкімет өлтірмейді» деген психология салтанат құрып тұрды. Алайда ол өкіметті дәл сол психология өлтіріп тынды. Оны ол кезде Қазақстан Көшбасшысынан өзге ешкім де аңғара алмады. Аңғарса, «өкіметке сенбе, өзіңе сен» деген ұстанымды бәрі-ақ айтар еді ғой.

Міне, Назарбаев әуелгі кезекте сол бір тоғышар психологияны жоюға еңбектенді. Ал ол бір күнде жойылмайтын. Сол қиындықты жеңу – жарты жеңіс болып табылар еді.

Назарбаевтың алғашқы жүрісінің өзі-ақ баянды болғанына бүгінде бәріміз куә болып отырмыз. Қазақстанда жаңа – нарықты экономиканың қыр-сырын игерген жас кәсіпкерлердің тұтас шоғыры пайда болды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның болашағын солармен байланыстырды. Жас буынға көбірек сенім артылды. Зейнетақы, жалақы қарызы алқымнан алып тұрған уақыттың өзінде Елбасы жастар үшін, Қазақстанның жарқын болашағы үшін «Болашақ» бағдарламасын дүниеге әкеліп, білімді ұрпақты Батыс пен Шығыстың іргелі оқу орындарында оқытуға батыл шешім қабылдады. Ондай қиын кезеңде мұндай батыл реформаларға бару үшін… Ал Астананы салғанда Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Кәрімовтің: «Мынадай шешім қабылдау үшін адамға аттың кәлләсіндей жүрек керек қой», – дегенін сіз бен біз ғана емес, бүкіл әлем естіді. Бұл – әріптестің әріптесті шынайы мойындауы ғой.

Иә, Назарбаевтың өмір жолына үңілсеңіз, оған ешқашан еш нәрсе оңай болмағанына көз жеткізесіз. Ол кісінің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Бозбала дәурені, жігіт шағы халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарының еншісінде. Бір сөзбен айтқанда, оның балалық, бозбалалық дәурені күздің таңындай шоп-шолақ, қысқа тігілген көйлектің етегіндей кеп-келте көрінеді. Оның бүкіл өмірі қиындықтарды, қиындықтарды болғанда, ел басындағы қиындықтарды еңсерумен өтіп келе жатқандай әсер қалдырады. Елбасыны елден, елді Елбасыдан бөліп қарастыра алмайтынымыз да содан шығар.

Тоқсаныншы жылдардың басында, ортасында кешегі Кеңес-
тер Одағының құрамында болған мемлекеттердің басым көпшілігі тек саясатпен өмір сүргенін жоғарыда айттық. Ресейдің өзін айтпағанда, батыстағы Украина, Молдова, Қап тауына жайғасқан республикалар, өзіміздің Орта Азиядағы Тәжікстан мен әсіресе Қырғызстан саясаттың көрігін қыздырып жатты. Батыс әлемі Қырғызстанды «Орта Азиядағы демократия аралы» деп әспеттеп жатты. Дәл сол кезде Назарбаев Қазақстан қоғамына «алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымды ұсынды.

Енді нәтижелерге көз жүгіртейікші. Саясатпен тым әуес-
теніп кеткен Украина арада қанша жылдар өтсе де ішкі  тұрақсыздықтан құтыла алмай келеді. Соңғы жылдары ішкі тұрақтылықты ойлау былай қалып, территориялық тұтастығының өзінен айырылып қалған жоқ па?

Территориялық тұтастық проблемасы Молдованы да сырт айналып өткен жоқ.

Шешенстанда оқ-дәрінің түтіні енді-енді сейіліп келеді.

Басында қорғантөбеліктер мен кулябтықтар болып бөлініп, өзара қырқысқан  Тәжікстан да бейбіт күннің қадірін қан төгіп барып ұғынды.

«Орта Азиядағы демократия аралы» атанған Қырғызстанның халқын жұрт жұмыс басынан емес, орталық алаңдардан көруге үйреніп қалып еді. Сол Қырғызстанға ішкі тұрақтылық әсіресе бүгін керек болып тұр.

Сырт жұрт тоқсаныншы жылдары «жүзден аса ұлт пен ұлыс мекендеп жатқан Қазақстан тәуелсіздігін ұзақ ұстап тұра алмайды» деп сәуегейсіген. Расында да олардың болжамымен келіспеу қиын еді. Негізінен өз ұлттары ғана  мекендеп жатқан жоғарыда аты аталған елдерді әлгіндей тұрақсыздық жайлап тұрғанда мемлекетті құраушы ұлттың саны небәрі 40 пайыздан сәл-ақ асатын Қазақстанды жел шайқауы әбден мүмкін еді ғой. Жоқ, сол жолы саяси «жауырыншылар» оңбай қателесті. Қазақстан құрлыққа қана емес, әлемге бейбітшіліксүйгіш мемлекеттің моделін ұсына білді. Ол модельдің түп қазығы «алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымда жатқан еді.

Ал түптеп келгенде мемлекеттің мықты болуы оның ұстынына тікелей байланысты еді. Біздің, қазақстандықтардың бағына мемлекетіміздің ұстыны өте мықты болып шықты. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанды әлем мойындаса, ол тікелей Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында болды деп батыл айта алатынымыз содан. Осы отыз жылдың ішінде Қазақстан мен Назарбаевтың бір ұғымға айналып кетуінде осындай сыр жатыр.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.