«ОЛ ҮНЕМІ АЛДА ЖҮРЕТІН»

Мен 1940 жылы Алматының мына жағындағы Көкқайнар ауылында дүниеге келгенмін. Жетінші сыныпты 1954 жылы сол ауылда бітірген соң, сол жылы күзде Қаскелеңдегі интернатқа ауыстым. Оныншы сыныпты осы жерде бітірдік қой. Ол кезде заман басқаша еді. Соған да тәубе дейміз.

Мектепте тәуір оқығаным үшін тоғызыншы сыныпқа өтетін жылы мектеп мені Мәскеуге жіберді. Ол кезде Мәскеуге бару деген өте үлкен оқиға болатын. Содан Мәскеуге барып, қаланы аралап, барлық көрмелерді тамашалап, он күннен кейін елге оралдым. Бірінші қыркүйекте мектепке келдім. Келсем, балалар: «Бізге 7-8 бала Шамалғаннан келіпті», – десіп жүр. Барлығы интернатқа орналасыпты. Олардың арасында Нұрсұлтан да бар еді.

Мектепте оқып жүргенімізде бүгінгідей емес, тәртіп қатал болатын. Ол кездегі оқу жүйесі мен мұғалімдердің мәртебесі де айрықша еді ғой. Оқуымыз бен жүріс-тұрысымызды мұғалімдер мен оқу секторы күнделікті қатты қадағалайтын. Онда әр сыныпта оқушының білім деңгейі мен үлгерімін анықтап тұратын арнайы тақта бар еді. Сол тақтадағы тізімде Нұрсұлтанның аты үнемі жоғары жақта тұратын. Ол үнемі бірінші болатын.

Біздің сынып өте ұйымшыл еді. Әрбір жетістіктің басында Нұрсұлтан жүретін. Өзі жоспар құрады, барлығымызға тапсырма береді, оны соңына дейін жеткізгенше асығып, жаны тыныш таппай жүретін. Міне, бала күнгі іскерлігі, білімі, талапшылдығы оны осы биікке шығарды. Сыныптасым Қазақстанның ең алғашқы Президенті атанды.

Дегенмен Нұрсұлтанның алған асуларына таңданудың қажеті жоқ. Өйткені ол бала кезінен лидер, әділетшіл және білімқұмар болды емес пе? Мектепте, жоғары оқу орнында, өзі қызмет атқарған салаларда үнемі оқ бойы озық жүрді. Оған мен Елбасымен біраз жылдар байланыста болып, қасында жүргенімде көз жеткіздім. Анығын айтқанда, Елбасының сенімді өкілі болған кезімде.

1990 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер ретінде тіркелді. Жер-жерде халықпен кездесулер ұйымдастырылып, жұмыстар жүріп жатты. Елбасының сенімді адамы болудың жауапкершілік жүгі оңай емес. Сол сәтті, яғни Сұлтанға қалай сенімді өкіл атанғанымды айтып берейін.

Жиналыс өтіп жатқан залдың алдыңғы қатарына тыңдаушы ретінде жайғастым да, баяндамашыларды тыңдай бастадым. Олар жалпылама сөйлеп, бітті-ау деген кезде қол көтеріп, өзіме сөз сұрадым. Мінбеге көтеріліп, көкейімдегіні түгел айтып шықтым. Нұрсұлтанмен бірге оқығанымнан бастап, ата-анасы мен бауырлары, мектептегі шақтарынан, лидерлік қабілетінің ерекшеліктеріне баса тоқталып, барынша шынайы, еркін сөйледім. Содан жиналыс бітіп, былай шыға берсем, бәрі мені қоршап алды. Жібермей, сұрақтың астына алды ғой. Осылай Алматы маңындағы ауылдық округтер бойынша Нұрсұлтан
Назарбаевтың сенімді өкілі болып шыға келдім.

Ел қолдап, 1991 жылы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 98 пайызбен жеңіп шықты. Сөйтіп Жоғарғы Кеңестің депутатына ұсынылды.

Мен қай жерде жүрсем де сыныптасымның адами қасиеттерін, ұйымдастырушылық-іскерлік қабілетін өзім қалай сезінсем, солай баяндап беретінмін. Жасым сексеннен асып қалса да сол сәттер әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр.

1965 жылдан зейнетке шыққанша ұстаздық қызметті атқардым. Мамандығым – география пәнінің мұғалімі. Өңіріміздегі саңырау-мылқау балаларға арналған интернатында 20 жылға жуық еңбек еттім. Кейіннен Ташкентте оқып, екінші дипломға қол жеткіздім. Жылдар бойғы ұрпақ тәрбиесі үшін жасаған қыз-
метім жемісін берді. «Білім озаты» марапатына ие болдым,
республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталдым. Бұдан басқа облыстық, аудандық білім басқармасы, білім бөлімі мен әкімдіктен алған мадақтама қағаздарым да баршылық.

Ал осы жауапты міндеттен бөлек, тағы бір өзім ауыз толтырып айта алатын ісім бар. Ол – өңірімізден «Атамекен» кешенін салдыру еді. Қазіргі кезде бұл кешен халық игілігі үшін жұмыс істеп тұр.

Отбасымда екі ұл өсіріп, жетілдірдім. Бүгінде немерелерімнің қызығына тоймай отырған әжемін.

Күләш ӘМІРОВА,

Елбасы сыныптасы.