ТҮТІНІ ТҮЗУ ШЫҚҚАН ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан үлкен жолдан өтті. Қазір бұл мерзім ғасырға бергісіз жылдар болды деп нық сеніммен айтуға болады. Бізге табан тірер бұдыр таппай жанталасқан, өмір талаптарына мүлдем икемсіз экономикалық жүйе мұраға қалған еді. Шаруашылық байланыстардың үзілуі салдарынан көптеген өндіріс орындары жұмыстарын тоқтатты. Экономикалық күйреу тоқтаусыз жүрген әлеуметтік дағдарыспен қатар өрбіді. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Бізде зейнетақы төлейтін, мұғалім-дер мен дәрігерлерге, әскери қызметкерлерге жалақы төлейтін қаражат та болған жоқ. Инфляция деңгейі мыңдаған пайызға дейінжетті. Көптеген қазақстандықтардың үйлерінде ең қарапайым қажеттілік – жарық пен жылудың өзі болған жоқ.

Мұраға қалған басқару жүйесі бір де бір өзекті мәселені шешуге қауқарсыз болып шықты. Болашаққа деген үмітсіздік пен қорқыныш адамдар арасындағы сенімді жойып, қоғамға этносаралық қақтығыстар қаупі төнді. Осының барлығы біздің жаңа еліміз әлемдік қоғамдастықтың есігін жаңадан ашқан сәтінде басына түскен қиындықтар болды. Бірақ, біз бәріне төтеп бердік. Мемлекеттік меншікке жекешелендіру жүргізілді, кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды.

Жалпыхалықтық ерік-жігермен дүниеге келген Конституциямыз жаңа мемлекеттің, жаңа экономика мен жаңа қоғамның берік іргетасын қалады. Ұлттық валюта негізінде біз табысты, заманауи қаржы жүйесін қалыптастырдық. Мықты Президенттік билік, қос палаталы Парламент, кәсіби Үкімет және тәуелсіз сот табысты реформалардың мызғымас кепіліне ай-налды. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі бейбітшілік пен келісімнің сенімді қорғаушысы бола білді. Күллі әлем бізге ядролық қарудан бас тартқан және Семей сынақ полигонын жапқан батыл қадамымыз үшін шынайы ризашылығын білдіреді.