ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ ТАМСАНҒАН НҰР-СҰЛТАН

Небәрі 10 жылда Қазақстан жаңа елордасын салды. Бұл – біздің халқымыздың ерлік пен еңбек дастаны. Бас қала – тәуелсіздік перзенті. Өз кезегінде бас қаламыз еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, дамытуда айрықша орын алуда. Егер біздің тарихымызда Елорда болмағанда, Қазақстан қазіргі келбетіне ие болуы екіталай еді. Біздің жаңа елордамыз – тәуелсіздігіміздің алтын тәжі, қазіргі қазақстандықтар мен болашақтағы барлық буын ұрпақтарымыздың ұлы қазынасы.

Ешқандай да кедергі бізді табысты да дербес дамудың мүмкіндігіне ие болудан, өзіміз таңдаған тура жолдан тайдыра алмады. Біз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғында дүниені тітіренткен «Азия дағдарысының» соққысына да жасыған жоқпыз. 2007-2009 жылдардағы әлемдік экономиканың төтенше құлдырауына жауап ретінде «Дағдарысқа қарсы бағдарламамызды» табысты жүзеге асырдық. Ол біздің дағдарыстан шығар тиімді кілтімізге айналды. Көптеген дамыған мемлекеттер әлеуметтік шығыстарын азайтуға, өндірістерін жабуға мәжбүр болды. Ал Қазақстан жаһандық дағдарыс жылдарының өзінде зейнетақы мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2 есеге өсірді.

Еліміз нақты жаңғырту міндеттерінжүзеге асырып келеді. Экономиканы үдемелі индустрияландыру шарасының аясында соңғы 4 жылда 780 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 250-ге жуық жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Бүгінгі таңда әлемнің 111 мемлекеті қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін сатып алады. Елімізде инновациялық өндіріс орын-дары ашылып, заманауи автобандар мен теміржолдар салынуда, құбыр және электр желілері тартылуда. Біз Ресеймен және ҚХР-мен бірлесе са-лып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы көп ұзамай Еуразия құрлығының ең басты көлік магистралына айналды. Осы жобалардың арқасында жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жүз мыңдаған азамат лайықты жұмысқа ие болды, жаңа мамандықтарды игерді.