ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КОРПУСЫ ҚАЛЫПТАСТЫ
Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы қабылдап, кәсіби мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастырған ел екенін атап өту аса маңызды. Мемлекеттік қызметшілердің сандық құрамы Қазақстанда өзгеріп отырды. Бұл ретте, мемлекеттік басқарушылардың жалпы санының ұлғаю немесе кему кезеңдері бір-бірін ал-мастырып отырғанын атап айтқан жөн. Ең маңызды кезең 2010 жылы болды, ол кезде реформалардың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің саны 2003 жылғы деңгейге дейін кеміді. Халықаралық тәжірибеде осы уақытқа дейін мемлекеттік аппараттың тиімді қызметі мен олардың алдына қойылған міндеттерді орындауға қажетті мемлекеттік қызметшілердің оңтайлы сандық құрамын анықтайтын критерийлер әлі күнге жоқ. Жалпы алғанда, бүгінгі күні қазақстандық шенеуніктердің корпусы 1000 адамға шаққандағы халық санына қатысты барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Оның үстіне, 2013 жылы басталған әкімшілік реформаның нәтижесінде саяси мемлекеттік қызметшілердің саны 3277-ден 439 адамға дейін, 7,5 есеге азайды және жоғары әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусы құрылды.
Жалпы, егемен елімізге қызмет етемін деген әрбір азамат/азаматша, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, «Мен бұл жерден не аламын» деп емес, «Мен мемлекет болашағы үшін не істей аламын, қоғамға не бере аламын» деп, он рет ойланып, жүз рет толғанғаны ғанибет болар еді. Себебі, мемлекеттік қызметке орналасу, ең алдымен, жүрек қалауы, одан соң сана-сезімінің ұштасуының көрінісі болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» деп атап өтті.