30 ЖЫЛДА ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН ЕЛ СПОРТЫ
Жетістік шыңы – Олимпиада
Спорттағы ең биік меженің бірі Олимпиада ойындары екені даусыз. Дүбірлі дода төрт жылда бір өтеді. Әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған спортшы осы биікті бағындыру үшін барын салады. Олимпиада ойындарына тәуелсіз ел спортшылары 7 мәрте қатысты. Соңғы Токиодағы сәтсіздікті айтпағанда, ешқашан алтынсыз қайтпады.
1992 жылы Барселонадағы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар ТМД-ның біріккен құрамасы сапында өнер көрсеткенін ескеріп, біз ол жайлы әңгіме қозғамаймыз. Спортшыларымыз жазғы Олимпиадаға 1996 жылдан бері қатысты. Сол уақыттан осы күнге дейін жалпы 72 медаль жеңіп алды. Оның 19-ы – алтын, 20-сы – күміс, 33-і – қола. Ал қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып, қазірге дейін жеті жүлде жеңіп алдық. 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль қоржында. Бұл тұста Қазақстан құрамасы Азия ойындарына да 1994 жылдан бері қатысып келе жатқанын айтайық. Додадағы жетістік мол. Жалпы, 557 медальға қол жеткіздік. Оның ішінде 155 алтын, 158 күміс, 244 қола бар. Ал қысқы Азия ойындарында 69 алтын, 51 күміс, 44 қола жүлде иемдендік.
Енді Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған спортшылардың есімін жекелей атай кетсек. Қазақстанның Әнұранын қысқы Олимп шыңында тұңғыш рет Владимир Смирнов шырқатты. Атақты шаңғышы сол кезде бір өзі бір алтын, екі күміс медаль алды. 1996 жылы Қазақстан спортшылары алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Әлемдегі ең ірі спорттық жарысқа алғаш рет қатысып жатқанына қарамастан, Қазақстан 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте 24-орынға табан тіреді.
Келесі қысқы Олимпиада 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өтті. Осыдан 20 жыл бұрынғы жарыста Қазақстан командасы екі қола медаль алды. Оларды конькиші Людмила Прокашева мен шаңғышы Владимир Смирнов алды. 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиадада тәуелсіз Қазақстан атынан тұңғыш рет қос қазақ жігіті Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов алтын алғанын ұмытпадық. Қазақстан құрама командасы 199 елдің ішінде 22-орынға жайғасты. Өкініштісі сол, 2002 және 2006 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында ел спортшылары жүлде алмады.
Ал 2004 жылы Афинада өткен жазғы ойындарда Бақтияр Артаев алтын медаль алды және ең шебер боксшыға берілетін Баркер кубогін иеленді. 2008 жылы Пекинде өткен жазғы Олимпиада қазақстандық спортшылар 2 алтын, 3 күміс пен 4 қола медальді қоржынға салды. Жалпы есепте 205 мемлекет ішінде 29-орынға тұрақтады. 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында биатлоншы Елена Хрусталева Олимпиада күмісін алды. 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы айды аспанға шығарғаны анық. 7 алтын, 1 күміс, 5 қола иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алған. Боксшы Серік Сәпиев алтын медалмен қоса техникасы жоғары боксшы ретінде Баркер кубогіне ие болды. Велошабандоз Александр Винокуров пен жеңіл атлет Ольга Рыпакованың алтын жүлдесі күмән тудырған жоқ. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола жүлдегер атанды.
2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында кезекті жазғы Олимпиада өтті. Бұл сында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола алған. Алғаш рет суға жүзуден Дмитрий Баландин алтын алды. 2018 жылы Оңтүстік Корея елінде өткен қысқы Олимпиадада фристайлшы Юлия Галышева қола медальға қол жеткізді. Сонымен, біз тек қысқа шолып өттік. Әйтпесе, жүлде алған барлық спортшының еңбегі мадақтауға лайық. Енді кәсіби спорттың халіне келсек.
Кәсіби спорт өресі мен футзалдың дамуы
Ел боксшылары кәсіпқой аренада да жақсы өнер көрсетіп жүр. Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров кәсіпқой боксқа ауысқан соң нәтижелі өнер көрсетіп, IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Кейін Бейбіт Шүменов WBA тұжырымында әлем чемпиондығына қол жеткізді. Кәсіпқой бокста ең толағай табысқа жеткен қазақстандық боксшы Геннадий Головкин екені сөзсіз. Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері кәсіпқой боксқа ауысқан соң WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары және The Ring журналының нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, жер жүзін мойындатты. Чемпиондық атағын алты жыл бойы қорғап тұрды.
Бокс саласындағы тағы бір жетістік ретінде даңқты Astana Arlans бокс клубын айтқан жөн. Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сегіз маусымына қатысып, барлығында жүлделі орыннан көрінді. «Астана арландары» бұл турнирде үш мәрте алтын, екі кезек күміс, үш рет қола медаль алды.
Қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген тағы бір спорт түрі – футзал. Үлкен футболдың қара шаңырағынан өткен ғасырдың 30-жылдары отау болып бөлініп шыққан футзал ойыны елде қарқынды дамып келеді.
Әлемдегі бірінші спорт саналатын футболда да ауыз толтыра айтар жетістік бар. Отандық клубтар әлемдік аренада тәуір өнер көрсетті. 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, таңғалдырған. Араға екі жыл салып елордалық «Астана» бұдан да биік белесті бағындырды. 2015 жылы Еуропадағы ең ірі турнир Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. 2017 жылы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты.
Қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген тағы бір спорт түрі – футзал. Үлкен футболдың қара шаңырағынан өткен ғасырдың 30-жылдары отау болып бөлініп шыққан футзал ойыны елде қарқынды дамып келеді. 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында, яғни Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет қатысқан қарт құрлық біріншілігінде қолаға қол созған еді. Араға аз уақыт салып, төрт жылда бір болатын әлем чемпионатында да жақсы өнер көрсетті. Ал 2018 жылы қыста өткен кезекті Еуропа чемпионатында қазақстандық футзалшылар жақсы нәтиже көрсетіп, төртінші орын алды. Бұл тұста кеше ғана мәресіне жеткен футзалдан әлем чемпионатындағы нәтижемізді қоса кеткен жөн. Жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп, әлем үздіктерінің бірі Португалия құрамасынан, қола жүлде үшін таласта Бразилия құрамасына есе жібердік. Әйткенмен, мықтылардың өзі жеңісті әрең алды. Тартысты ойын көрсеттік. 3 ойыншымыз жалпы доданың үздік ойыншылары қатарына енді. Осылай әлем бойынша футзалдан алғашқы төрттікке кірдік.
Футзал дегенде ұлттық құрамадан бөлек, «Қайрат» футзал клубын да ерекше айтсақ. Алматылық команда Еуропада азулы ұжымдардың бірі саналады. Футзалдан UEFA кубогін екі мәрте жеңіп алды. Бұдан басқа, халықаралық ареналарда сәтті өнер көрсетіп жүрген «Барыс» хоккей клубын, «Астана» кәсіпқой велокомандасын айтуға болады. Елордалық «Барыс» хоккейден Еуразия кеңістігінің ең жоғары дивизионы саналатын Құрлықтық хоккей лигасында 2008 жылдан бері бақ сынап жүр. Ал «Астана» велокомандасы да әлемдегі үздік командалардың бірі саналады.
Қолайлы жағдай жасау – ілгерілеуге себеп
Спорт саласы тұрақты дамуы үшін бұқараның спортпен айналысуына жағдай жасалуы қажет. Мәдениет және спорт министрлігінің дерегіне сенсек, тәуелсіздік жылдарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 7,8 мыңнан астам спорт алаңы мен 2 мыңнан астам спорт зал салынған екен. Бұл игі істер әлі де жалғасып жатыр. Қазір республикада 42 мыңға жуық спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. Оның 23 мыңнан астамы ауылдарда. Елімізде 7-ші қысқы Азия ойындары мен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада сияқты ірі спорттық жарыстар өткізілуіне байланысты әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараты салынды. Қатарында «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені бар. Алғаш рет Алматыда Олимпиада ауылдарына ұқсас 5 000 орындық атлетикалық қалашық салынды. 2018 жылғы 11 шілдеде Елбасының қатысуымен Ақмола облысының Щучье қаласында жаңа «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы ашылды. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы пайдалануға берілген Жекпе-жек сарайына аты аңызға айналған қазақстандық балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілді.
Бұқаралық спортты дамыту арқылы дені сау өскелең ұрпақты тәрбиелей аламыз. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің болашағы балалар мен жастарды спортқа белсенді түрде тарту басталды. Қазір мектеп оқушыларының шамамен 2 миллионға жуығы спортпен шұғылданады. Балалар мен жасөспірімдер спорты инфрақұрылымын 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 17 мектеп-интернат тұрғызылды. Қосымша білім беру мекемелері қатарына 602 балалар мен жасөспірімдер клубы, 119 дене даярлығының клубтары жұмыс істеп келеді. Оқушылар арасында жыл сайын еліміздің әртүрлі аймағынан 100 мыңнан астам оқушы қатысатын «Былғары доп», «Шұбар доп», «Жұлдызша», «Алтын шайба» және «Жас Барыс» спартакиадалары өткізіліп келеді. Ал жоғары оқу орындарында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциясы ашылды, онда 177 мың 263 студент спортпен айналысады. Бұл тұста Ұлттық студенттер лигасы белсенді дамып, жолға қойылды.
Қазір елімізде 101 спорт федерациясы бар. Айтпақшы, ұлттық спорт түрлері де елеусіз қалмады. Оған ұлттық спорттың 25 түрі дамығаны дәлел. Қазақ күресінен өтетін «Әлем барысы» жер жүзіне әйгілі. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Мүгедек азаматтардың да спорт саласында жетістікке жетуіне жағдай жасалды. Республикада мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 13 спорт клубы және 3 мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі спортшының қатысуымен әртүрлі санаттағы тұлғалар үшін 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионат пен турнир өткізіледі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан тарихында қол жеткізген спорт саласының жетістіктері аз емес, жетерлік. Ең бастыларын тіздік. Әйткенмен, қанағат етуге болмас. Спорт патриоттық сезімді оятып, өмір сүру сапасын жақсартатын күш екені даусыз.
Мадияр ТӨЛЕУ
Дереккөзі: https://aikyn.kz/164411/30-zhylda-ense-tiktegen-el-sporty