«ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ–2050: БІР МАҚСАТ, БІР МҮДДЕ, БІР БОЛАШАҚ»
2014 жылы
17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.
«Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Бүгін мен осы дамыған
30 елдің қатарына кіру жоспарымызды ұсынғым келеді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет нақты тұжырымдама жобасын жасады. Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. Әлемнің дамыған елдері соған сай нақты стратегияларын дайындап жатыр.
Бүгінде дамығандықтың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға кіруге тағы 6 ел – Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы үміткер болып отыр. Ұйымға мүше барлық ел терең жаңғыру жолынан өтті, инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың, халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткішіне ие болып отыр. Әлбетте, ЭЫДҰ елдерінің болашақ ұзақмерзімді қарқыны ескерілгендегі индикаторлары – жер жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымыз осы», – деді Елбасы өз Жолдауында.
Бұл құжатта Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру үшін ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін жеткізу қажеттігіне назар аудартып, Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызын айтты. Үкіметке жеті бағыт бойынша кеңауқымды міндеттер жүктеді. Бүгінде бұл міндеттер стратегиялық сабақтастықпен жүзеге асып келеді.