ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛАР

Қазақтың біртуар перзенті, әлем әдебиетінің жарық жұлдызы, асқақ данышпан, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған » Абай атамыздың да ең асыл арманы – халқымыздың азаттығы, елінің бақыты еді.
Орыстың боданына айналған қайран қазақ елі кешегі қызылдардың қырғынын, алапат аштықты, қатігез жеке басқа табыну қасіретін, сұрапыл соғысты, полигон сынағының зардабын бастан кешірді.

Ұлы Отан соғысын есімізге алсақ, қазақтың хас батыры, қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының мына бір қайратты сөздері ойымызға оралады. «Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік». Елін сүйген, елі сүйген аңыз адам, алып батырдың адуынды сөздері. Желтоқсан желімен желкені желбіреген тәуелсіздік осынау қорқынышты трагедиядан аман алып қалды.

Бақытым бар үшінші Отан деген,
Кім мықты десе біреу, Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен,

деп Мұқағали атамыз бәрінен Отанды биік қояды.
Иә, сондай сұрапылды басынан өткерген Қазақ елі арада сан жылдар салып, аңсаған арманына, көздеген мақстына жетті. Тәуелсіздік туы Қазақстанның тұғырына берік бекінді.

Тәуелсіздік! Қандай рухты, жүрекке қандай жылы, жанға жайлы ұғым. «Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып» тұңғыш Президентімізді сайлап, Ата заңымыз бен рәміздеріміз қабылданып, туған тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл тәуелсіздік тек қазақ халқына ғана емес, Республиканың барлық халқына бостандық әкелді. Шетел асқан қаншама қандастарымыз туған Отанына оралып, еркін өмір сүруіне мүмкіндік алды.

Қазақстан осынау 30 жылдың ішінде іргесін тіктеп, керегесін кеңейтті, әлемдік аренада атын алтын әріппен жазды. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Жетінші қысқы Азиаданы өткізіп, «Азия жолбарысы» атанды. Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарында 12 орынды иеленіп, спорттан да құр алақан емес екенін тағы бір дәлелдеді. Бүкіл әлем көз тіккен дүниежүзілік көрме EXPO – 2017 Қазақстан астанасы – Астанада өтті. Ал бұл еліміздің бәсекеге қабілетті, экономикасы мен технологиясы қарыштап дамығанын айқындайды. Бұл – тек бастамасы ғана. Қазақстанның көрінер биігі, алар асуы, шығар белесі алда. Өйткені, Қазақстан – Мәңгілік ел!