ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АРАЙЛЫ ТАҢЫ

Бабалар аңсаған ұлы арманның арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда өз шуағымен бүкіл қазақ елін нұрландырды. Міне, биыл азаттықтың ақ таңының атқанына еңселі 30 жыл. Бұл жылдардың ішінде қазақ елінің жеткен жетістіктері жетерлік. Қазақ елі достығы мен бірлігі жарасқан әлемге танылған бейбіт елдің біріне айналды. Қазақ халқының осы ұлы жеңісін дүние жүзі мойындады. Бостандықтың белгісі ретінде Сарыарқаның төрінен тәуелсіз елдің тұңғыш асқақтаған астанасы бой түзеді. Бұл елбасының ойға алған ұлы табыстарының бірі болды. Сәулеті мен дәулеті жарасқан еңселі елордаға әлем халықтары «Бейбітшілік қаласы» деген атау берген болатын.

Тәуелсіз ел екендігімізді дәлелдейтін мемлекеттік нышандар да халқымыздың қадір тұтып қастерлейтін құнды дүниелерінің бірі. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба 1992 жылдың маусымында бекітілсе, Мемлекеттік Әнұран 2006 жылы қабылданған болатын. Тамыры тереңдерден бастау алатын бұл нышандардың мәні мен маңызы ерекше. Бабаларымыздың жорыққа аттанғанда туды ең алдыңғы шепте көтеріп шығуы да тегін емес. Елге белгілі батыр адамдар ғана туды ұстау мәртебесіне ие болып, оның айбарлы рухына жауапты болған. Бәлкім, осыдан болар шайқас алаңында жаудың көзін жою емес, оның туын құлату жеңістің белгісі саналған.

Елдің таңбасы да дәл осындай құрметке ие. Оны тек лауазымды адамдар мен хан ғана тиісті дәрежеде пайдаланған. Ту мен елтаңбаның тарихы хандық дәуірде де ерекше құрметке бөленіп, оны тегіс жұрт қадір тұтқан. Бүгінгі ұрпақтар да осыны санасына сіңірсе екен. Елдің ұлылығын дәріптейтін асыл бейнелер барда, елдің келбеті анық, келешегі кемел.
Көк туым тербеп көкті аспанымда ,
Елтаңбам тұрса биік асқарымда.
Әнұраным әр жүректі тербегенде,
Мен бақытқа бөленемін қас қағымда! –

деп жүректі тербеткен рәміздердің құдіретінің киесі де, иесі де – қазақ. Сондықтан да оны еңкейген кәрі мен бесіктегі нәрестеге дейін ұлықтау — қасиетті борыш.