ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ: БАБАЛАР ІЗІН ЖАҢҒЫРТҚАН КЕШ

Үшінші мегаполис жастары «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде ерекше кештің куәсі болды. Олар өткен күннен сыр шертіп тұрған тарихи жәдігерлермен танысып, ашық аспан астында фильм тамашалады.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Бабалар жолымен» тақырыбында мәдени кеш өтті.

Іс-шараға жиналған жастарды театр мамандары бейнелеген ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, қазақтың маңдайалды үш биі, қазақтың бес арысы мен үш бәйтерегі қарсы алды. Бабалар бейнесіндегі кейіпкерлердің жанында арнайы әзірленген даналық сөздер жазылды.

Кеште М.Әуезов атындағы ОҚУжәне ОҚМПУ «тарих» факультетінің студенттері «Шахристан», «Шығыс базары», «Хауыз», «Жібек жолы керуені» және «Цитадель» музейіне саяхат жасады. Ұлттық нақышпен безендірілген сәкі үстінде Шымкент қаласының панорамалық көрінісімен естелікке суретке түсті. LED экраннан «Әл-Фараби» анимациялық бейнефилімін тамашалады. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы алауды (костер) тамашалай отырып, қонақтарға кофебрейк ұсынылды.