ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: АБАЙ АУДАНЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТТАДЫ

Шымкент қаласы Абай ауданының дамуына үлес қосып, сан түрлі салада тұрақты қызмет еткен еңбек ардагерлері көне Түркістан қаласына саяхаттады.

Абай ауданы әкімдігі ұйымдастырған іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары және тыл ардагерлері киелі шаһардағы тарихи жәдігерлерді аралап қайтты.

Ардагерлер облыс орталығы атанып, дамуға бет бұрған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етіп, танымал орталық «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін аралады.

Сонымен қатар, ардагерлер көне Отырар жеріндегі, Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан бабтың қабірінің басына арнайы барды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға ел ағалары ризашылығын білдірді.