Қоғамдық көліктегі тәртіп «тәпішкенің астында» жатыр

Қоғамдық көлікте жиі орын алатын келеңсіз жағдайларды жеке автокөлігі жоқ жолаушылар жақсы біледі. Иә, жүргізушілер мен кондукторлардың таңғы 5-тен түнгі 11-ге дейін қызмет көрсететінін түсінеміз. Алайда, олардың ұйқысы қанбай, жүйкесі жұқарып жүргеніне ешкім кінәлі емес қой. Соған сай алатын жалақылары бар. Жолаушының кейбіріне билет бермей қойып, одан құралатын қаржылары да еңбегін еселеп ақтайтыны жасырын емес. Кондукторлардың сондай әрекетті әдетке айналдырып алғанынан қаладағы автобус парктерінің басшылары бейхабар дей алмаймыз. Сөйте тұра, автобустағы екеудің жолаушы тасымалдағанын кәдімгідей міндетсінетіндерін қайтерсің…

Таяуда Астана іргесіндегі ауылдардың бірінен қалаға жетіп қалу үшін такси тоқтаттық. Көлік иесі №17 автобустың жүргізушісі екен. «Бір күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз», – дейді. Сол сәтте одан қоғамдық көлік рөлінде темекі шегіп отыратын, бағдары бір әріптесімен аялдамаға таласып жарысатын, тіпті, сол үшін бір-бірімен жаға жыртысатын, зейнеткерлерге тоқтамай өте шығатын, кондуктор екеуінің жұртқа жұлынып қыр көрсететін әрекеттері туралы сұрадық. «Сізде де сондай сорақылық болып тұратын шығар?» деп. Бәрін мойындап отыр. Ол да, қасындағы кондукторы да жұмысқа шығып, демалатын екі күнінің бірінде сөйтеді екен. Себебі, автобус паркі бекітіп берген уақытынан кешігеді немесе аялдамаға ол уақыттан бұрын жетіп қояды да, олқылықтың орнын толтыру мақсатында біраз тұрып алады. Ондайда барар жеріне асығып, тыпыршып отырған жұрт қарап қалмай, айқайға басып, пысықтаулары автобус паркінің қызметтік нөмірін тере бастайды. Наразылыққа назданып тұрмайтын бұлардың да бірі рөлде отырып темекісін тұтатса, екіншісі бала-шағаның көзінше балағат сөздерін қарша жаудырады. Бейнелеп айтқанда, тәртіптері тәпішкенің астында жатыр. «Неге өйтесіздер? Бір автобус адамның тағдырына жауапты болғандықтан, сабыр сақтамайсыздар ма? «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» болудың қажеті қанша?», – дегенімізде, «Алдымен сол рөлге өзің отырып көрсеңші…», – деп сөзін қысқа қайыра салды.

Жалпы, біздің елде тұтынушыларға қызмет көрсету мәдениеті жоқ десе де болады. Сапасы сын көтермейді. Мәселен, жайшылықта қабағы қарс түйіліп отыратын дүкеншілер сұраған затыңның бар-жоғын бұлданып айтады. Банк менеджерлері барлық сұрағыңа жауап беруге ерініп, алдындағы қағаздарын жұлқына жинайды. Базарда тәшкі айдаушылардың өзі: «Қаш! Қаш-ей! Жол! Жол!», – деп дегбірсізденеді. Құдды бір, сыпайылық сақтап, «Апай, жолдан былай тұрыңыз!», «Ағай, өтіп кетейін» деп қарапайым құрмет танытуына уақыты тым тапшы сияқты…

Сонымен, әлгі таксистпен ұзақ жолды қысқартып, өзіне қатысты әңгімені ғана өрбітіп келе жатырмыз. Әйтпесе, қарапайым бұқараның саясатты сапыра соғып, биліктегілерді жерден алып, жерге салатын әдеті белгілі ғой. Сол саланы білмесе де білгішсіне сайрайтындары іш пыстырып жібереді. Сондықтан да қоғамдық көлік жүргізушісінің халық тұрмысы, ел экономикасы, білім-ғылым саласы тұрғысындағы біраз сөзін күрсіне отырып автобус төңірегіне бұра бердік. Жоғарғы жақты жалпылама сынаған «ораторлығын» ескеруге құлықсыз екенімізді сезген соң, қайтадан өздері туралы «өгіз аяңға» түсті.

– Айта беретін несі бар, біз де пендеміз. Өткенде №22 автобустың шопырын бастығы жұмыстан шығармай, сөгіс жариялай салыпты деп естігенмін. Өйткені, ол жынды алдындағы автобустарға әр минут сайын сигнал беріп, вокзалға дейін жұрттың жүйкесінде ойнапты. Сонысына шыдамаған біреулер автобус паркіне кезек-кезек қоңырау шалған ғой… – дейді.

Бұл ретте, бар гәп сол жүргізушінің мазасыздығында болып тұрғаны анық. Себебі, қазір Астанада қоғамдық жұмыстың сапасын арттыру мақсатында көлік қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру орталығы жұмыс істейді. Ол жерде қоғамдық көліктің қызметкерлері психологиялық тест, жол көлік қозғалысының ережелерін білу, техникалық тәртіптің кәсіби негізі бойынша оқылымдар сияқты халықаралық стандартқа негізделген оқудан өтеді. Ең бастысы, жолаушыларға қатысты мәдениетті сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Дегенмен, қазіргі автобус жүргізушілері мен кондукторлардың дені оқу үлгерімі нашар, әліпті таяқ деп білмейтін балалар сияқты. Енді оған бәрін тізбектемей, биыл орын алған бірді-екілі жайтты мысал етсек…

Алматыдағы «GreenBus» ЖШС-нің директоры Бауыржан Кулишев №48 автобус жүргізушісінің жұмыстан қуылатынын айтты. Себебі, сол №48 және №16 автобустың жүргізушілері көшеде ерегісіп қалып, төбелестің бейнежазбасы eap_kz паблигінде жарияланған. Жолаушылардың айтуынша, екі көлік Төле би көшесімен шығысқа қарай жарысып келе жатқан.

– Жол бойында автобустардың жүргізушілері ұрсысып келе жатты. Жұмалиев көшесіндегі аялдамаға келгенде қатты айғайласты, жаман сөз айтты. Сосын Байтұрсынов көшесіне келгенде, №48 автобустан жүргізуші мен кондуктор түсе кетіп, №16 автобустың салонына кірді. Төбелес басталып кетті, – дейді жолаушы Әсел Дүйсенбаева.

Ал Ақтөбеде автобус кондукторы жеңілдікпен жүретін екі балалы жолаушыны соққының астына алған. Зейнеткер жолаушы Тамара Тыщенконың айтуынша, №8 бағыттағы автобуста кондуктор «сен тегін келе жатырсың» деп, екі жас баласымен отырған жолаушыдан жүкті әйелге орын босатып беруді талап еткен. Алайда, жүкті әйелге басқа жолаушы орын береді. Сонда да кондукторды бұл жағдай қанағаттандырмаған көрінеді. Ол автобустың артқы жағына өтіп, екі баласымен отырған жолаушы әйелді соққының астына ала бастаған. Оларды арашалап алған жолаушылардың кейбіреуі жеңілдікпен жүретін кісіге «ақшасын төлей салшы» деуге мәжбүр болған. Ал ашуға мінген кондуктор әйел автобусты тоқтатып, жолаушы әйелді екі баласымен қоса автобустан түсіріп тастамақ та болады. Алайда, көпшілік онысына жол бермеген. Сонда да қайтпаған кондуктор соңғы аялдамадан түсіп жатқан әлгі жолаушының бір баласын ұстап алып, жұлқылай бастайды. Әрине, бұл жағдайға тағы да өзге жолаушылардың араласып, баланы босатып алуына тура келген.

– Автобус жүргізушісі кондукторға қой деудің орнына, «тегін жүретіндер басқа пәле болдыңдар» деді. Жас балалар мен зейнеткерлер үшін мемлекет ақы төлеп отыр. Автобуста тегін жүру – біздің құқығымыз. Ол үшін бізді ұрып-соғуға ешкімнің қақысы жоқ, – дейді ызаға булыққан Тамара Тыщенко.

Астанада да биыл №2 автопаркке тиесілі №50 автобуста жолаушы мен кондуктор және осы маршруттың жүргізушісі арасында жанжал орын алған. Осыған орай, Жолаушылар көлігі басқармасы, «Астана LRT» ЖШС көліктік бақылау қызметі және №2 автобус паркі аталған факті бойынша тексеріс жүргізді. Кейін анықталғандай, Тұран көшесі бойындағы «Ана мен бала» аялдамасынан №50 бағыт бойынша қатынаған автобус аялдау бөлігінен асып барып тоқтайды. Себебі, аялдаманың ортасында №51 автобус тұрады да, мына жүргізушіге аялдаманың алдына тоқтау мүмкін болмайды. Бұған көңілі толмаған жолаушы №50 автобус жүргізушісін балағаттап, тіпті, оған қол көтерген. Оған шыдамаған кондуктор жолаушыға айқайлай бастайды. Ал заң бойынша, қандай жағдай болса да тәртіп бұзған жолаушыға кондуктордың дауыс көтеруге құқығы жоқ. Астана қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ол үшін кондуктор тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Осындай жағдайлардан кейін тәртіп сақшылары қоғамдық көліктердің жүрісін жиі қадағалап, өрескел тәртіп бұзушылыққа қатысты арнайы рейд ұйымдастырып тұрмаса болмайды. Бұлай дейтініміз, әлгіндей әрекеттер барысында автобус маңынан хаттама толтырып жүрген бір полиция қызметкерін көрмедік. Жүргізушілердің аялдамаға таласып жарысатын сабырсыздығы салдарынан қаншама апат орын алып, өзінің де, салон толы жолаушыларының да өміріне қауіп төндіруде. Бұған әдейілеп жариялап отырған мына суреттер дәлел.

 

«Қамшы» сілтейді