ТӘУЕЛСІЗ ЕЛГЕ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАР: ҮРЗАДА АЙТӨРЕЕВА

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері талай асулар мен биіктерді бағындырды. Кең-байтақ еліміздің қол жеткізген осынау жетістіктеріне өзіндік үлестерін қосып қана қоймай, істері шын мәнінде үлгі етуге тұрарлық еңбек адамдарын таныстыру ел мерейтойының кезеңінде артық болмаса керек.

ҮРЗАДА АЙТӨРЕЕВА 1951 жылы 2 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының Созақ елді мекенінде дүниеге келді. 1971 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.
Еңбек жолын мектептегі ұстаздық қызметтен бастаған Үрзада өскелең ұрпақ тәрбиесіне жастай араласты. 24 жасында Коммунистік партия қатарына өтті. Тумысынан еңбекқор Үрзаданың бастамасымен Шиелі ауданындағы «Қызыл Ту» (Ы.Жақаев атындағы) орта мектебі Қызылорда облысындағы «Жас қыран» сайысына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Сол жеңісі арқылы келесі сатыға өту мүмкіндігін алған мектеп оқушылары
республикалық жарыстарға қатысып, олжалы оралды.
Шәкірт тәрбиелей жүріп, ұдайы ізденіс үстінде болған жас маман шығармашылықпен талмай айналысып, тәлім-тәрбие мәселесіне қатысты мақалалары мен ой-толғамдарын жергілікті басылымдарда тұрақты жарыққа шығарып отырды. Жас ұстаздың қаламының қарымы мен ойының жүйріктігі басылым басшыларының да назарынан тыс қалмады.
1978 жылы ұстаздық қызметін өзінің бала күннен армандаған кәсібі – журналистика саласына айырбастаған Үрзада Айтөреева айтар ойы бар, қарымы мықты қаламгер ретінде облыс оқырмандарына кеңінен танылып, оңтүстік өңіріндегі басылымдардың қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде «Ақ баян», «Сырғалым», «Ой омарта», «Оқырман отауы» клубтары мен баспасөзге жазылу науқаны кезінде «Көшпелі редакция» керуенін басқарып, нәтижесінде арнайы беттерді тұрақты жүргізіп отырды. Оның ұйымдастырған арнайы жеке беттері мен айдарларынан әрдайым қоғамдық резонанс туғызатын соны пікірлер мен жарияланымдар жарқ етіп көрініп отырды. Әсіресе, шырайлы Шымкент қаласының тазалығы мен көркін сақтауға шақырып, аяулы мекеннің ажарын былғап жатқандарды аяусыз сынаған мақалалары үнемі оқырмандар тарапынан да, құзырлы билік орындарының тарапынан да қолдау тауып отыратын. Айталық, 1993 жылы жарық көрген «Шырыны шашылып, шыбыны басынып», «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым», т.б. мақалаларында жүйелі көтерілген мәселелердің арқасында қаланың орталық көшесіндегі «Огонек» дүкенінің жанында жарты жылдан астам қала тұрғындарына сапасыз қызмет көрсеткен жәрмеңке өз жұмысын тоқтатты.
Сондай-ақ, шаһар тарихымен бірге жасасып келе жатқан Орталық қырғы базардағы бейберекетсіздік жайлы үздіксіз жазып, базарға шығыс базарының сипатын беру туралы ұсынысы да назарға алынды.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен Үрзада Айтөреева іскерлігі
мен көпшілдігінің арқасында газет таралымының өсуіне тұрақты үлес қосып, «Көшпелі редакция» қосынын табысты басқарды. Күндіз-түні бір тынбай, облыстың шалғай өңірлеріне сапар шегіп, ауылдағы елдің жағдайын, мұң-мұқтажын қағазға түртіп, игі тірліктерін қуана сүйіншілеп, қалың оқырман мен билік орындарының құзыретіне жеткізуге асығатын білікті журналист облыс халқының әлеуметтік жағдайын түзеуге, іскер адамдарының ел экономикасын көтеруге бағытталған жетістіктерін насихаттап, үлгі етуге көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар, оқырман мен басылым арасындағы байланыстың тұрақтануы, пошташы қызметінің жаңаруы, сапасын арттыру бағытында жалықпай ізденетін.
Көп жылдар өз ісіне қалтқысыз беріле еңбек етіп, қазақ баспасөзіне өшпес қолтаңба қалдырған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Үрзада Айтөреева зейнеткерлікке шыққан соң да қайраткерлігінен айнымай, қажыр-қайратын қоғам қызметіне арнап келеді. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып табылатын ол ұлт құндылықтарын қайта жаңғырту арқылы ұрпақтар сабақтастығын дамыту ісін жаңа деңгейге көтеруге үлес қосуда. Жаңашылдыққа жаны құмар аға буынның бастамасымен облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылды. Оған өңірімізге белгілі, ел игілігі үшін ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен қайраткер аналар мүше болды. Жаңа құрылымның төрайымы болып Үрзада Айтөреева сайланды. Қазіргі таңда облыстағы 707 бастауыш ардагерлер ұйымдары жанынан «Әжелер алқалары» құрылып, оған 5 мыңнан астам әжелер мүшелікке тартылды.
Облыс аумағындағы 1000-ға тарта елді мекеннен түгелдей «Әжелер алқаларын» жасақтай отырып, асыл аналардың бойындағы махаббат-мейірінің күшімен тәлім-тәрбиенің талбесігі – қазақтың халықтық педагогикасының ең озық үлгілерін – бүгінгі замана көшіне лайық ете отырып қайта жаңғыртып, иман мен инабатқа тұнған отбасы институтын қалыптастыруды көздеген бұл ұйым қазіргі таңда қоғамдағы отбасы құндылықтарын арттыру, ондағы ата, әже, әке, келін рөлдерінің мазмұн-мақсатын тереңдете түсіндіре отырып, тәуелсіз еліміздің саналы да салауатты ұрпағын өсіруге жан-жақты көмек көрсетіп отыр. Ең бастысы, сан ғасырдан бері ата-бабадан мұра болып жалғасып келе жатқан әулет құдіретін жандандырып, туыстық қатынасты насихаттауда.
Осындай іргелі істерге бастамашы болып жүрген Үрзада Айтөреева қай ортада жүрсе де өз мақсаты, өз пікірі бар, сөзге берік, ойы ашық, нақтылықты жаны сүйетіндігімен де елге сыйлы. Қайраткерлігі жоғары, қажырлы жан еңбек жолындағы жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10, 20, 25 жыл» мерекелік медальдарымен, бірнеше мәрте облыс, қала әкімдері мен облыстық, қалалық мәслихаттардың Алғыс хаттары, Мақтау қағаздарымен және Грамоталарымен марапатталған. Созақ ауданының Құрметті азаматы. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жанындағы әйелдер ісі және гендерлік саясат комиссиясының мүшесі ретінде бірнеше рет республикалық аналар жиынына қатысып, 1995 жылы еліміздің бірінші ханымы С.Назарбаеваның қолынан «ХХI ғасыр әйелі» сертификатын алған Үрзада Айтөреева – өз отбасында да аяулы жар, ардақты ана, әзіз әже.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖҮЗ ЖАҢА ЕСІМІ» КІТАБЫНАН