«ЕЛІМ ҮШІН ЕГІЛЕМІН»
Шымкенттегі жастарға вакциналаудың маңыздылығы насихатталды. Мегаполисте іс-сапарда жүрген «Елім үшін егілемін» атты азаматтық штабтың өкілдері Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығында қаладағы белсенді жастармен кездесті.
Еркін форматта өткен жиында Қазақстан заңгерлер одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиал төрағасы, азаматтық штаб мүшесі Серік Беркамалов пен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев вакцина қабылдау шарасының мән-маңызын түсіндірді.
Ал кездесуді қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жүргізіп отырды.
Комитеттің ресми өкілі кездесуде ел көлемінде жүріп жатқан індетке қарсы күрес шаралары жөнінде де ой бөлісті. Ержан Байтанаев соңғы мәліметтерді келтіре отырып, вакциналаудың маңызды екеніне тағы бір тоқталып өтті.
– Елімізде екпе салдырғандар көрсеткіші бүгінгі таңда едәуір ұлғайып, ұжымдық иммунитет қалыптастырудың алдында тұрмыз. Дегенмен вакцинациялауға байланысты халық арасында түрлі ақпараттар тарап жатыр. Олардың басым көпшілігі балалар вакцинасына қатысты фейк ақпараттар. Ел Үкіметі балаларға коронавирусқа қарсы екпе салу жұмыстарын бастаған жоқ. Тіпті, ондай вакцина елімізге әкелінген жоқ. Қазір шетелдік Pfizer вакцинасын өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта елімізге екпенің осы түрі келсе, жүкті әйелдер мен оқушылар вакциналануы мүмкін. Бұл біздің жоспарымыз. Балаларға ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатынсыз, ал жүкті әйелдерге өздерінің келісімінсіз екпе егу жұмыстары жүргізілмейді. Жалған ақпараттарға ермей, әркім өз денсаулығын ойлауы қажет, — деді Е.Байтанаев.
Кездесуде жастар жағы да белсенділік танытып, екпеге қатысты өздерін мазалаған сұрақтарының жауаптарын алды.
А.ЖӘДІГЕРҰЛЫ