ЕРІ ЕЛІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ
Отыз жыл тәуелсіздіктің көк туын желбіреткен қазақстандықтар төрткүл дүниені таңқалдыра әлемнің әйдік елдерінің қатарынан ойып тұрып өз орнына ие болды. Елбасымыздың басты мақсаты еліміздің жаңаша дамуы болса, ол қолға алынып, индустриалдық-инновациялық жобалар жүзеге асып, тамаша жетістіктердің арқауына негіз болды. Ғасырларға пара-пар осы кезеңде ел тізгінін қолына бекем ұстаған Елбасы – Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын, жаңашылдығын, аса жоғары ұйымдастыру қабілетін, қажымайтын күрескерлігін бүкіл әлем мойындады. Ері елін әлемге танытты. Елі ерін бүкіл дүние жүзіне мойындатты.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан, экономикасы мен мәдениеті өркендеген, жер көлемі жағынан жер шарында тоғызыншы орында тұрған, жерінің асты да, үсті де қазына-байлыққа толы мемлекеттің азаматы болу, оның үстіне елінің еңсесін көтерген дара тұлға Нұрсұлтандай көшбасшы перзенті бар мемлекеттің азаматы атану – әр қазақстандық үшін бақыт, биік мәртебе. Елімізде нарықтық экономика құрылып, тиімді жұмыс істеуінің нәтижесінде білімді, мәдениетті дамыту, денсаулықты жақсарту бағдарламалары табысты жүргізілуде. Осындай қажырлы да қайратты іс-шаралардың арқасында республиканы былай қойғанда, тек қана Шымкент қаласында соңғы жылдары өмірге келіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жатқан облыстық филармония, опера және балет театры, өзбек драма театры, «Ордабасы» алаңындағы «Тәуелсіздік» монументі, «Шәмші әлемі», спортшылар аллеясы, «Даңқ» мемориалдық кешені, Неке сарайы оңтүстік өңірінің көрікті де көрнекті орындарының біріне айналып отыр. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі, Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізген таңғажайып саясатының, кемеңгер басшылығының жемісі.
Айбек ӨТЕГЕН,
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ.