ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІН СЕЗІНЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жариялаған барлық бастамалардың бағыты айқын. Ең маңыздысы, «Әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы, оның басты көрінісі елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы, жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деп атап көрсетті.
Жолдауда пандемиядан кейінгі кезеңдегі дамудың ұлттық жоспарына, ұлттық жобаларды бекітуге, экономикаға тікелей инвестиция тарту секілді экономикалық даму мен жаппай спортпен айналысуға, спорттық инфрақұрылымды жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға басымдық берілді.
Сондай-ақ сапалы білім беруге қатысты педагогикалық мамандықтарға түсетін тұлғалардың орташа көрсеткіші жоғарылады. Мұғалімдерді қолдау саясаты одан әрі жүзеге асырылып, оқу бағдарламаларының заманауи болмысқа бейімделуін қамтамасыз ету керек. Ұлттық телекоммуникациялық желінің жеткіліксіздігі де атап көрсетілді. Әлеуметтік жағынан әлсіз отбасынан шыққан балаларды қолдауды күшейту мен білімнің қолжетімді және инклюзивті болу керектігі, «Цифрлы мұғалім» жобасын енгізіп, біліктілікті арттыру жүйесін жақсарту жайы айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы отандық білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа кезеңінің миссиясы мен стратегиясын да айқындап берді. Мәселен, ғылымға бөлінетін гранттарды жүзеге асырудың мерзімін үш жылдан бес жылға ұзарту ғылыми нәтижелер мен жетістіктердің сапасын арттыратыны сөзсіз.
Педагогикалық қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін көтеру мерзімі нақтыланды және олардың мотивациясының жоғары болу қажеттілігіне мән беріліп, педагогикалық қызметкерлерді ынталандыру жолдары белгіленді.
Оқу бағдарламаларының қазіргі болмыс шындығына бейімделуін қамтамасыз ету білім мазмұнының тәжірибеге бағдарлануына тікелей қатысты. Президент айтқандай, білім беру тәжірибесі мен маман даярлау үдерісінің өзара кірігу тетіктерін жетілдіру керек.
Тегін техникалық-кәсіптік білім беруге және қашықтан оқыту форматына қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеудің де маңызы зор.
Мәрзия АСЫЛБЕКОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті
https://egemen.kz/article/288645-tauelsizdik-igiligin-sezinedi