ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ӘР ШАҢЫРАҒЫ БАҚЫТТЫ

дейді бүгінгі кейіпкеріміз — батыр ана Күлзада Пернебайқызы.

Аналар – асыл жандар.
Бесік тербеп, бейнетпен белді буып,
Әулеттің абыройын асырғандар.

Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі сұрапты: — Бауке, айтыңызшы, жер бетінде ең батыр адам кім? -деп.
Сонда батыр атамыз ойланбастан: — Жер бетіндегі ең батыр адам… ол — қыз, -депті. Оның мәнісін сұрағанда былай деп жауап беріпті: — Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, — деген екен…
Осындай батыр анамыз, он баланы тәрбиелеп өсірген Күлзада Пернебайқызының өмір жолына көз жүгіртсек, пенденің еңбекпен еленетінін, жақсы келін бола алған жанның ғана тәлімді енеге айналарын байқаймыз.
«Мен Түркістан облысының Шоқтас елдімекенінде 1949 жылдың 1 қаңтарында туыппын. Ата-анадан екі қызбыз. Сіңлімнің есімі — Айткүл. Әкем — Пернебай, анам – Дариға, адал, еңбекқор, ел-жұрт сыйлайтын адамдар болған. Әкем үш жыл әскерде болып, бес жыл соғысқа қатысып, сегіз жылдан соң елге оралады. Аяқ-қолынан жараланып қайтады. Сонда да еңбектен шет қалмай, писарь боп жұмыс істейді. Әсіресе, әкем есепке жүйрік еді. Колхоздың шаруасына араласып, ферма бастығы болып жүрген кезінде анаммен танысқан. Мойнына қандай міндет жүктелсе де бас тартпай, жауапкершілікті терең сезінетін. Қызмет тасы қайда домаласа, отбасымызбен сонда көшіп баратынбыз. Бригадир, ферма бастық, учетчик бастық, ребкомиссия сияқты жауапты қызметтердің құлағын ұстады. Ұл баласы болмаған соң шаңырақтың түтінін түтетсін деп нағашысының баласы Қайратты бауырларына басты. Әкем өмірден ерте қайтты. Соғыс салған зардап – аяғындағы снарядтың жарықшағы сыр беріп, елу жеті жасында өмірден озды» деген Күлзада анамыз аз-кем үнсіз отырып қалды. Балалық бал дәуреннің сарғыш тартқан парақтарынан Әке бейнесі көз алдына келді ме екен, кім білсін?!
Әкесі қайтқан соң Дариға анасы белін тастай буынып, «қара қазан, сары баланың» қамына кірісті. Колхоздың барлық шаруасын ұршықша үйірді. Ал, колхоз тарап кеткен соң саудамен айналысты. Ташкенттен ыдыс, мата, Жамбылдан бояу әкеліп сатты. Күлзия мен Айткүл Шоқтастағы Пушкин атындағы 8 жылдық мектепте білім алды. Мектепті бітірген соң батыр Баукең айтқандай, өмірінде көрмеген, білмеген Қожалар еліне келін болып түсті. Бағына орай, ата-енесі өте жақсы жандар болып кездесті. Істің жайын үйретіп, тірлікке баулып, өз қыздарынан кем көрмеді. Жолдасы Сайдулла — мінезі жайлы, ақкөңіл жігіт еді. Совхоздың озат механизаторы. Күлзада анамыз ата-анасының абыройын жықпауға тырысып, жақсы келін болуға барын салды. Аз жылда тастай батып, судай сіңіп, осы әулеттің үлгілі келіндерінің біріне айналды. Жолдасымен бірге совхоздың маңдайалды жұмысшылары болды
Тұңғышы Баянын, 1968 жылы 17 сәуірде, келін болып түскен соң төртінші жылы дүниеге әкелді. Ата-енесі «Құдайдың көрсеткеніне мың шүкір» деп, қуаныштан төбелері көкке жетті. 1970 жылы екінші ұлы дүниеге келгенде:

Үйіміз базарға айналды, атын Базарбай қоямыз, — деп тағы бір қатты қуанды. «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» дегенді қазақ тегін айтпаған. Жолдасы жалғыз бала болған соң отбасында баланың көп болғанын қалады. Тәңір сол тілеуді беріп, көпбалалы ана атанып, алтыннан алқа тақты.
«Атам мен енем, жарықтық, жақсы кісілер еді. Немерелеріне де жақсы қарады. Жолдасым екеуміз сол кісілерге сеніп, жұмыста жүретінбіз. Мені ешқашан өз қыздарынан бөліп қараған емес. Бесінші балам дүниеге келген кезде атам мен енем өмірден озды. Ары қарайғы жүк өзімізге түсті», — дейді.
Күлзада анамыз қай істі қолға алса да жанын салып, бар ынта-ықыласымен істейтін. Совхозға пародалы сиырлар әкелінгенде, озат сауыншы болды. Сексен бес-сексен алтыншы жылдары Базарбай баласын жанына ертіп алып, совхоздан 20 гектар жер алып, жүгері екті. Жүгерісі мол өнім беріп, «сушы келін» атанды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы есімізде. Теңге ауысып, нанға кезекке тұрған қиыншылық заман. Сол кезде де қарап отырмай, орамал, жемпір тоқып, текемет басып сатты. Түнімен нан жауып, нан сатты. Еңбегімен елге жағып, ауылдың үлгілі, сыйлы келіні атанды. Жолдасы жалғыз болғанмен, аталас туыстары көп болатын. Солардың барлығына қызмете етіп, қайынсіңілерін ұзатып, қайныларын үйлендіріп, әулеттің ақылман анасына айналды.
2002 жылы 63 жасында Сайдулла ағамыз өмірден озды. Ыстық пен суықты, қуаныш пен қиындықты бірге еңсерген жан жолдасымен, Отағасымен өткізген өміріне көз жүгіртсе, берекесі тасып, ынтымағы ұйыған шуақты күндер түседі ойына. Жолдасымен 43 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, 7 қыз, 5 ұлды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бір-біріне дауыс көтеріп, ауыр сөздер айтып, көңіліне тию деген нәрселер орын алмаған. Ұлдары ұғымтал, қыздары қанағатшыл болып өсті. Мектепте де үздік оқушылардың сапында болды. Айша қызы білім ордасын алтын медальмен аяқтады.
«Мен өзім кітап құмар болдым. Мектеп қабырғасында жүріп, кітапты ең жақын серігіме айналдырдым. Ол уақытта свет болмайтын. Түнімен шамның жарығымен кітап оқып, қашан соңына жеткенше бас көтермейтін кездерім көп болатын. Осы қасиетім ұл-қыздарыма да жұғыпты. Қазір кітапханадан отбасымызбен кітап алып оқимыз».
Балаларының үлгілі тәртібі, жақсы үлгерімі ата-ана тәрбиесінің жемісі. Соны ескерген мектеп әкімшілігі Күлзада анамызды ата-аналар комитетінің төрайымы етіп те бекітті.
Бүгінде 75 деген асуға абыроймен жеткен әжеміз әдеби кітап оқуды әлі де үзбейді. Балалары мен немерелеріне Абайдың қара сөздерін жаттатады. Еңбекпен шынықтырып шыңдайды. Қыздарының жасау-жабдығын да өзі дайындайды. «Шебердің қолы алтын» демекші, қазір қыздары мен келіндері де құрақ құрап, тапсырысқа көрпе-төсек дайындайды, киім тігеді.
Тамырын тереңге жайған алып бәйтеректей ұрпағының ортасында бақытқа кенеліп отырған абыройлы әжеміз:

Тәрбиелеп өсірген ұл-қызым жүзімді жерге қаратпады. Бұған мың шүкір деймін. Қазір әрқайсысы өз шаңырағының иесі. Бірі білім, бірі қолөнер дегендей өздері ұнатқан кәсіптен несібесін тауып отыр. Бес келінім де жақсы болып келді. Мейірімді. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» дегендей, өзара тату, жанашыр. Олардың бір-біріне демеу, сүйеу болғанын көргенде, көңілім өсіп, бір марқайып қаламын, — дейді.
Ана үшін бұдан артық бақ бар ма?! 44 немере, 13 шөбере сүйіп, солардың қызығы мен қылығынан қуат алып отырған бақытты әжеміздің жүзінен мөлдіреген мейірім мен шуақ көрдік. Әдемі қартаю деп осыны айтар. Ұрпағыңызбен жасай беріңіз, Қожалар әулетінің сыйлы келіні, абыройлы анасы, ақылман әжесі.