ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: КІТАПХАНА ҚҰНДЫ ТУЫНДЫМЕН ТОЛЫҚТЫ

ҚР Ұлттық кітапханасында ел тарихына қатысты кітаптарды сыйға тарту рәсімі өтті. Құнды еңбектің авторы экономика және саяси ғылымдар докторы, Еуразиялық даму орталығының бас директоры Тайыр Мансұров. Қор қоғам қайраткерінің Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, еліміздің маңызды оқиғаларына қатысты өзі дайындаған және жарыққа шығарған кітаптарының 2500 данасымен толықты.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова ашып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Т.Мансұровтың қызметіне кеңінен тоқталып, сыйға берілген кітаптарына тоқталды.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орай 2 500 дана кітап алу – біз үшін үлкен оқиға. Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың арқасында кітапхана жаңа құнды сыйлықтармен толықты», — деді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова.

Белгілі қоғам қайраткерінің кітапхана қорына сыйға тартқан кітаптары қоғамдық-саяси, тарихи және әдеби-көркем жанры бойынша өте бай. «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ: Биография продолжается» сериясымен шыққан Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы, дипломат және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов туралы, сонымен бірге, «Еуразиялық интеграция», «Қазақстан және Ресей» ғылыми еңбектері, қазақтың ұлы ақындары – Абай, Жамбыл, Мағжанның «Ғасырлар даналығы» сериясынан шыққан таңдамалы шығармаларын атауға болады.

«Кітапхана қоры мемлекет есебінен ғана емес, сондай-ақ осындай тұлғалар есебінен де толықтырылуы тиіс. Тайыр Аймұхаметұлы еш жерде жоқ құнды мәліметтер алуға көп тер төкті. Жабық мұрағаттарда жұмыс істеді, беймәлім фактілерді тапты. Тәуелсіздіктің конституциялық заңын қабылдаған кезде Мансұров Жоғарғы Кеңестің депутаты болған. Мен сол кезде аппаратта жұмыс істедім. Бұл тарихи оқиға, біз сол кезеңге куә болып, мемлекеттің егемендігін сездік», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.

Сыйға берілген ғылыми, саяси, тарихи, әдеби кітаптар оқырман тарапынан үлкен қызығушылық танытып, жоғары сұранысқа ие болатыны анық. Іс-шарада қонақтар мен оқырмандарға «Сан қырлы тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды.