ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: РЫСҚҰЛОВ КӨШЕСІНІҢ ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ БӨЛІГІ АШЫЛАДЫ

Рысқұлов және Қонаев даңғылы қиылысындағы жолайрық 10 қазан күні Қонаев даңғылы бойынша жол қозғалысы үшін ашылған болатын. Қазіргі таңда Рысқұлов көшесінің бір жақ бөлігін ашудағы соңғы жұмыстар атқарылуда. Қалған бөлігі мен жаяу жүргіншілер жолы қарашада аяқталмақ. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

Жыл өткен сайын Шымкенттегі қалаішілік жолдарда көлік кептелісі артып келеді. Әсіресе, орталық көшелерде белгілі бір уақытта көлік тығынын жиі байқауға болады. Мәселен, Т.Рысқұлов және Д. Қонаев көшелері қаланың бір шеті мен екінші шетін жалғайтын ұзын көшелер. Салдарынан, мұнда көліктердің кептелісінен туындайтын мәселелер аз емес. Осы ыңғайсыздықтарды шешу мақсатында, қала әкімдігі Д.Қонаев-Т.Рысқұлов пен Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында жолайрық құрылысын салуды жоспарлаған болатын.

Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2019 жылы Рысқұлов (Қонаев қиылысы) көшелерінің көліктерді өткізгіштігі 27 775 авто/тәулік болса, жол құрылысы аяқталғаннан кейін 65 820 авто/тәулік өткізу мүмкіншілігіне жоғарылайды деп күтілуде.