«БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫМЕН КӘСІПКЕРЛІК КУРСЫНА 2 155 АДАМ ОҚУҒА ЖОЛДАНДЫ

Әлеуметтік сала – кез келген мемлекетте өзекті саланың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда тұрмысы төмен топтағы азаматтарды қолдауға баса назар аударылып келеді. Әсіресе, коронавирус пандемиясымен күрес кезінде әлеуметтік қамқорлыққа деген сұраныс артты. Осы орайда тұрғындарды жұмыспен қамту маңызды болып тұр. Бүгінде бұл мәселе мемлекеттің ерекше бақылауына алынып, нақты айтқанда, кешенді «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша Шымкентте бүгінгі таңға дейін 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл – 2021 жылдың 9 айындағы көрсеткіш. Бағдарламаның І бағыты бойынша 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына – 2 675 адам, ал ІІ бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы аясындағы кәсіпкерлік курсына 2 155 адам оқуға жолданды.
Басқарма басшысы Балмаржан Нарбекованың мәліметінше, оқу курсын аяқтап, бизнес жоспарларын қорғап шыққан 53 адамға шағын несие, 584 тұрғынға мемлекеттік грант берілген.
– Ал «Еңбек» бағдарламасының халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы ІІІ бағыты бойынша 8 168 адам – бос және жаңа жұмыс орындарына, 336 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 2531 адам – жастар практикасына, 2845 адам – қоғамдық жұмысқа, 115 адам «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы бойынша жолдама алды. Айта кетейік, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 29 жасқа дейінгі, мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне де басымдық беріледі, – деді Балмаржан Полатқызы.
Жоба аясында басқармаға қарасты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасап, оқу орнын аяқтаған жастарды 24 ай жұмыспен қамтиды. Жобаға қатысушылар 20 АЕК көлемінде еңбекақы алады. Оның ішінде алғашқы 12 айдың еңбекақысы мемлекет тарапынан төленеді.
Жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған іс-шараның бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Қыркүйек айында «Арбат» алаңында жастарға арнап өткізілген осындай іс-шараға қаладағы 50-ден аса жұмыс беруші қатысып, 9 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 790 азамат тұрақты жұмысқа, ал «Жастар практикасы» бағдарламасымен 121 жас жолдама алды.

НҰРЛАН БЕКТАЕВ.