Қарағандыда ұсақ көшелердің атауын қазақшалау дауға айналды
Кеше Қарағандыда 16 көшенің атын ауыстыру туралы тыңдау өтті. Бұл жайында журналист Ләззат Қожахметова өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Журналистің айтуынша, төрт жылдан кейін өтіп тұрған тыңдау айқай-шумен өткен.
— Бұл көшелердің атауын сол көшелерді өз қолымен тұрғызғандар ғана өзгертуі керек,- деді бір тұрғын, Қарағанды қаласы өзге ұлттардың арқасында салынды деген емеурін танытып. Бұл ұсыныс жиналғандардың қарсылығын тудырды. «Халыққа алдын ала хабарланған жоқ. Талқыға салынбады» деді сол азамат. Бұл сөзге Айсұлтан Жақыпов (қарағандылық блоггер) күйіп кетті, — деп жазды Л. Қожахметова.
— Əлеуметтік желілерде баяғыдан талқыға салынып жатыр. Сіз қазақша білсеңіз білер едіңіз, — деді жиын барысында Айсұлтан Жақыпов.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Жәнібек Садықановтың айтуынша, бұл мəселе өткен жылдың қарашасынан бастап талқыға шығарылған.
— Кирпичная тарихи атау емес пе? Ол неге өзгеруі керек, — деген сұрақ қойылды. Оған дəлелді жауап берілді. Жиын барысында ұлтаралық тілде сөйлеу де ұсынылған.
Саясаткер Айткожа Фазылов: Конституцияда ұлтаралық тіл деген сөз жоқ. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі деген бап бар. Күніне екі сөз жаттасаңыздар бір жылда 600 сөз үйренетін едіңіздер. Қазақша сөйлеп үйреніңіздер,-деді.
Қарағанды тұрғыны Жексен Абдрахманов Ленин көшесін осы уақытқа дейін өзгертпеудің себебі қандай деген сауал қойды.
— Менің білуімше, Қарағандыда 600-ге таяу көше бар. Соның тым болмаса жүзі заманға сай атауға ие ме? Күмəнім бар. Қалған 400-500 көше заманауи атқа ие деп кімді сендірмек? Жылына 30 көшенің атын ауыстыруды дауысқа салады екен. Сонда Қарағандыны қазақыландыру үшін неше бесжылдық керек? Дауысқа салғанда көше атын ауыстыруға бар жоғы 6 адам қарсы екені белгілі болды. Қолдайтындар бір қауым ел екен. Жиналғандардың дені ақсақалдар. Жастарды бұл мəселе қызықтырмай ма?, — деп жазды Ләззат Қожахметова.