ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: АСАРЛЫҚТАР КӨПТЕН КҮТКЕН АУЫЗ СУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Шаһардағы «Асар-2» тұрғын алабына ауыз су берілді. Ауыз суға қосу іс-шарасына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов қатысып, асарлықтардың қуанышымен бөлісті.Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 5 елді мекен биыл кезең кезеңімен ауыз суға қосылады.
Су құбырының құрылыс жұмыстары мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» ЖШС тарапынан 2020 жылы басталды. «Асар-2» тұрғын алабында 2765 абонент бар. Су жүйелерінің жалпы ұзындығы 156,1 шақырымды құрайды.
-Бүгінгі таңда сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызды құрайды. 2023 жылға қарай үшінші мегаполисте ауыз су мәселесі жүз пайызға шешімін табады, — деді қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов.
«Асар-2» тұрғын алабында енді халықты ауыз сумен жабдықтаушы мекеме тарапынан абоненттеу жұмыстары қалып тұр. Ол үшін жер теліміне берілген мемлекеттік акт пен жеке куәліктің көшірмесі қажет.
Ә. НҰРЖІГІТҰЛЫ