ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР КҮТІЛУДЕ
Халықты жыл он екі ай балғын көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында елімізде оның ішінде, Шымкент қаласында жылыжай шаруашылығын дамыту қолға алынған. Оның бір дәлелі, жылыжай кешендерінің көлемі үшінші мегаполисте жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы ол 156,5 гектарды құраса, биыл 204 гектарға ұлғайды. Жылыжай шаруашылығына төленетін инвестициялық субсидия көлемі де Шымкент республикалық мәні бар қала мәртебесін алғалы біршама өскен.
2018 жылы жергілікті шаруаларға 668 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, 2021 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2,6 млрд теңгеге қаржылай көмек берілді. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама қабылданған. Ол «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп аталады. Мегаполисте агросаланы жандандыру мақсатындағы игі істердің барлығы осы бағдарлама аясында атқарылуда. Осыдан 10 жыл бұрын республикада жылыжай шаруашылығынан жиналған өнім 120 мың тоннаны құраған. Араға 5 жыл салғанда 150 мың тоннаға жақындады. Бүгінде өнім көлемі одан да бірнеше есеге көбейген.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жуырда ауыл шаруашылығы бағытында іске қосылған бірінші нысанның жұмысымен танысып қайтты. Қаратау ауданы, Алматы тас жолында орналасқан «AgroPark» ШҚ жылыжайы 5,2 гектар аумақта орналасқан. Онда жылына 1500 тонна қызанақ пен қияр өндірілмек. Тартылған инвестиция көлемі — 1 300 млн теңгені құрайды. Кәсіпкерге 331,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Аграрлық өнімдер жылына екі мәрте жиналады. Кешенде қажетті климаттық жағдай қарастырылған және топырақ құнарлылығын сақтау процесі автоматты түрде жүзеге асырылады. Осы кәсіп арқылы шаруа қожалығы 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылыжай қызметкерлері аграрлық технологияны жан-жақты меңгерген, тиісті дайындықтан өткен мамандар.
Жылыжай шаруашылығы жобасын қолға алған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия беріледі. Ол кешен құрылысына, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның 25 пайызын құрайды. Мегаполисте ауыл шаруашылығымен айналысуға ниеті бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіле бастады. Осы орайда жуырда «Іскер қала» деп аталатын бағдарламаның таныстырылымы өтті. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбековтің айтуынша, шағын кәсіпкерлерге 1-2 пайызбен арзандатылған несие беріледі. Бұл қаражатқа ол азаматтар өзінің жеке кәсібін дамытып, табысын арттыруға мүмкіндік алады.
ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ