ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ: ЕГЕМЕНДІК ТІРЕГІ — БІЛІМДІ АРМИЯ

Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Қазақстан құ­қық қорғау және әскери сала мамандарын өзі даярлайтын,  бұл мәселеде өзгеге мұқтаж емес мемлекетке айналды.Тәуелсіздік жылдарында еліміздің оқу орындарынан құқық қорғау және әскери салаға қажет көптеген офицер өсіп шықты. Олардың арасында генералдар қатарын толық­тырғандар да бар. Бұл азат елдің күш құрылымдары үшін үлкен олжа.

Егемендік тірегі – білімді армия

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында елімізде әскери кадр тап­шылығы мәселесі өте өткір тұрды. Өйткені бұған дейінгі жылдар бойы қалыптасқан біртұтас жүйе сетінеген кезде мұндағы қайта құру кезеңі әскери кадрларға да әсер етті. Мәселен, 1991 жылдың соңы­на қарай Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерле­рінің құрамында жалпы саны 200 мыңдай адам болған. Ал өз әске­рімізді жасақтау басталған кезеңде Қазақстанда қызмет етіп жүрген көптеген офицер әскери борышын ТМД-ның өзге мемлекеттерінде жал­ғастыруға немесе запасқа шы­ғуға шешім қабылдады. Айталық, армян ұлтының өкілдері өз еліне, грузиндер өз жеріне, орыстар Ре­сейге және тағы да басқа әскерилер Қазақстаннан көшкенді жөн көрді. Осының салдарынан екі жарым жыл көлемінде, яғни 1992-1995 жыл­дар аралығында елімізден офи­церлік құрамның кету деңгейі тізімдік құрамның 89 пайызын құрады. Содан бастап білікті, кәсі­би әскери мамандарды даярлау мем­лекеттік деңгейде маңызды мін­дет болып белгіленді. Әскери бағыттағы оқу орындардың оқу-тәрбиелік үдерісіне озық техно­логиялар енгізіліп, мамандардың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдістемелік база кеңейтілді. Осы 30 жыл ішінде ұлттық әскери ма­мандарды даярлау жүйесі толық қалыптасты. 1996-2005 жылдар ара­­лығында әскери білім беру жү­йесінің негізі қаланды. Респуб­ли­када бірнеше әскери оқу орны ашылды. Бүгінде елімізде Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Ұлт­тық қорғаныс университеті, Құр­лық әскерлерінің әскери инс­титуты, Талғат Бигельдинов атын­дағы Әуе қорғаныс күштері инс­титуты, Радио-электроника және байланыс әскери-инженерлік инс­титуты, Әскери-теңіз инсти­туты, Шет тілдері әскери инсти­туты, Ш.Уәлиханов атындағы Ка­дет корпусы, Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» рес­публикалық мектептері әскери сала мамандарын даярлауда.

Еліміздің азаматтық білім жү­йесі секілді әскери білім беру де бес деңгейде жүргізіледі. Олар – орта білім, орта-техникалық және кә­сі­би білім, бакалавриат, магис­тратура және докторантура. Сон­дай-ақ қосымша білім ретінде әскери кафедралар, қайта даярлау және біліктілікті көтеру орталық­тары қарастырылған. Орта білімді «Жас ұлан» республикалық мек­тептері берсе, техникалық және кә­сіптік білімді Ш.Уәлиханов атын­дағы Ка­дет корпусында алуға болады. Құр­лық әскерлерінің әскери инс­титуты кадр даярлауда еліміздегі кіші офицерлер құра­мының 70 пайыздан астамын қам­тып отыр. Соңғы 30 жылда бұл институтты 8 мыңнан астам офи­цер тәмамдаған. Институттың 70-тен астам түлегі ге­нерал атанды. Келесі оқу орны – 2001 жылы құ­рылған Радиоэлек­тро­ника және байланыс әскери-инженерлік инс­титуты. Оқу ордасы әуе қорғаныс күштері, байланыс әскері, авто­маттандырылған бас­қару жүйесі, ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласы кадрлары секілді 10 бағыт бойынша 1 мыңнан астам офицер дайындады. Сондай-ақ Талғат Би­гельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының да кадр даярлауда орны ерекше. Мұнда бүгінге дейін 2 мыңнан ас­там ұш­қыш пен инженер өз істеріне ма­манданды. Сонымен қатар сала­лық білімнің қара шаңырағы – Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қор­ға­ныс университеті де мамандар даярлауда өзіндік зор үлесін қосып отыр. Ве­домствоаралық оқу-әдіс­темелік орталық саналатын бұл уни­вер­ситетті жыл сайын 100 офи­цер тә­мам­дайды. Уақыт өте қан­шама өз­ге­ріске ұшыраса да, бұл оқу орны еліміздегі әскери білімнің флаг­ма­ны болып қалды. Мұнда Қазақ­стан­ның ғана емес, ҰҚШҰ (ОДКБ) мүшелері, Қырғыз Рес­пуб­ликасы мен Тәжікстан әске­ри­лері де білім алады. Қарулы Күш­тер саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде әскери-оқыту резервін даяр­лауға да баса назар аударылып отыр. Бұл бағытта азаматтық жоғары оқу орындары жанынан 29 әскери ка­федра құ­рылған. Жыл сайын бұл әскери ка­федралар 3 700-ден астам офи­цер даярлайды.

Құқық қорғау кадрларының алтын ұясы

Осы секілді елімізде ішкі істер органдары қызметкерлерін оқы­татын білім ордалары көп. Олар­дың саны 2020 жылға дейін 14 болатын болса, Елбасының тап­сырмасымен 6 оқу орнына қыс­қарды. Олар – М.Есболатов атын­дағы Алматы академиясы, Ш.Қа­былбаев атындағы Қостанай ака­демиясы, Б.Бисенов атындағы Қа­рағанды академиясы, М.Бө­кен­баев атындағы Ақтөбе заң инс­ти­туты, Ұлттық ұланының Әскери институты, Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің Көкшетау техника­лық институты. Бұлардың ішінде ең ескісі – 1956 жылы құрылған Алматы арнайы орта милиция мектебі. Еліміздегі ең алғашқы кәсіби оқу орнын құруға бастама көтерген сол кездегі Қазақ ССР Ішкі істер министрі, ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаев болатын. Құқық қорғау қызметкерлерін даярлаудың қара шаңырағы болған бұл оқу ордасы 90-жылдар басында елімізде ішкі істер саласы кадрларының тап­шылығы сезілген шақта, отандық мамандардың ұстаханасына ай­налды. Оның базасында 1991 жы­лы Қарағанды жоғары мектебі мен Алматы жоғары мектебі құрылды. 1996 жылы Мемлекеттік тергеу комитетінің қарамағына өткен оқу орны екі жылдан соң ІІМ-не қайта оралып, Алматы заң институтына айналады. Ал 1999 жылы ІІМ-нің Алматы заң институты мен Алматы техникалық институтының база­сын біріктіру арқылы Алматы ака­демиясы құрылады. Қазір білім ор­дасы оның алғашқы басшысы Ма­қан Есболатовтың атымен ата­лады. 65 жылдық тарихында білім ордасының қабырғасынан қанат қаққан түлектерінің ішінен 20-дан астам генерал шыққан екен.

Келесі оқу ордасы – ІІМ-нің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы. 1971 жылы 1 қарашада Қостанай облысаралық кіші және орта басшы құрамының алғашқы дайындық мектебі боп құрылған оқу ордасына биыл 50 жыл толып отыр. 1991 жылы бұл мек­теп оқу орталығы деңгейіне дейін өскен болатын. Тәуел­сіз­дік­пен қатар білім ордасының нор­ма­тивтік-құқықтық білім базасы ай­тарлықтай өзгерістерге ұшырап, республиканың ішкі істер орган­дары үшін кадрларды даярлаудың мазмұны мен формалары қайта қаралды. Мәселен, Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 15 ақ­пандағы №106 қаулысына сәйкес, оқу орны «Құқықтану» мамандығы бойынша орта арнайы білімдерімен ішкі істер органдарының басшы­лық құрамын даярлау жөніндегі ІІМ-нің Қостанай арнайы орта мектебі боп құрылды. Оның ғы­лыми мүмкіндіктері артып, ұйым­шыл оқытушылар құрамы қалып­тасты, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, жаңа бө­ліністер ашылып, қызметкерлердің штаттары көбейді. Ал одан соң оқу орны үнемі жетілдіру үстінде бо­лып, заң колледжі, жоғары мектеп, заң институты боп қайта құрылған кезеңдерді бастан өткерді.

2004 жылдан бастап жоғары оқу орнының өмірінде жаңа кезең басталды. Республикада құқық қорғау қызметі үшін кадрларды даярлау процесі өзгеріп, Қостанай заң институты ІІМ-нен Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қарамағына берілді. 2004 жылдан бастап ма­ман­дарды дайындау «Құқық қорғау қызметі», «Құқықтану», «Педа­гогика және психология» маман­дықтары бойынша мемлекеттік бюджет есебінен сырттай және күндізгі оқыту формасы бойынша «әділет лейтенанты» арнайы атағы мен «бакалавр» академиялық дә­режесін беру арқылы жүзеге асы­рылды. 2008 жылы атауы ӘМ Қыл­мыстық-атқару жүйесі коми­тетінің академиясы болып ауыс­тырылды. Халықаралық ынты­мақ­тастық аясында ТМД елдерінің қылмыс­тық-атқару жүйесі үшін кадр даяр­лау келісімімен 2009 жылы ака­де­мияға Тәжікстан Рес­публикасының 10 азаматы оқуға түсті. 2011 жылы ҚАЖК ІІМ құра­мына қайта беріліп, оқу ордасы атауы 2012 жылдан бас­тап ІІМ-нің Қостанай акаде­миясы болып ауыс­тырылды. 2014 жылы академияға ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабыл­баев­тың есімі берілді.

Нұрлан ҚОСАЙ

aikyn.kz