КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ: КӘСІПТІК БІЛІМ АЛҒАН 2 МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫН ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қала әкімдігінің @akimat_shymkent парақшасында тікелей эфирге шықты. Онда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен биыл 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, бүгінде нақты 31 486 адам қамтылған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2500 адам жолданған болса, оның 2112-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Бос жұмыс орындарына – 19609, әлеуметтік жұмыс орындарына — 200, жастар практикасына — 2578, ақылы қоғамдық жұмыстарға 3058 азамат жолданған.

Басқарма басшысы тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан түскен 50-ге жуық сұраққа жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері, жастар практикасымен жұмысқа тұру тұрғысында болды.

Б.Нарбекова әлеуметтік көмектің уақытша мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек екенін, отбасы мүшесі жұмысқа жарамды болса, орталық арқылы жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар екенін, кәсіпкерлікті бастаушыларға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін жеткізді.