ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІН ӘР ТҰРҒЫН СЕЗІНУІ ТИІС
Шымкент қаласының әкімдігінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың қатысуымен қала активімен кездесу өтті. Жиынды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ашып, жүргізді. Қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан әкімдері, қалалық құқық қорғау органдарының жетекшілері, тағы басқа ресми өкілдер қатысқан жиында қоғамның мемлекеттік институттарға сенімін нығайту, заң үстемдігін орнықтыру, тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті жетілдіру міндеттері сараланды. Қазақстан Республикасы Президенті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезінуіне жағдай жасалуы тиіс екендігі айтылған болатын.
«Мемлекет басшысы барлық бастамаларымыз елдегі бейбіт өмірге, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштыққа, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауына бағытталуы керектігін тапсырды. Бұл бағыттағы реформалар демократиялық даму бағдарымызды нығайтып, құқықтық базамызды сапалық тұрғыдан бекітті», — деп атап өтті қала басшысы.Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы М.Ахметжанов, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан саяси реформалар мемлекеттік басқару ісінде азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын жүйе қалыптастырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру міндетін белгілейтінін атап өтті. Осы орайда, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру стратегиялық маңызға ие басымдық ретінде айқындалып, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес орта мерзімді кезеңді қамтитын стратегиялық бағдарламаның жобасы әзірленгендігін жеткізді.
«Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» құжат жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберіндегі маңызды жетістіктер және мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдірудің одан әрі бағдарлары ұсынылған. Агенттік төрағасы құқықтық мемлекет ретінде ілгерілеуді көздейтін бұл маңызды құжатта парасатты қоғамды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың себептерін барынша азайту, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, осы санаттағы құқықбұзушылықтардың алдын-алуға азаматтық қоғамды тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мониторингі мәселелері, сондай-ақ Антикор қызметін жетілдіру мәселелері көрсетілгенін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барлық мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күрес жүргізуі керектігін атап өтіп, бұл бағытта қаламызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпар берді. Қаладағы білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдауда ашықтық пен жариялылық қамтамасыз етіліп, бұл үдерістер ақпараттық жүйе арқылы автоматтандырылғанын атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласының мысалында I-QALA орталықтандырылған қызметтер мен сервистер порталына 50-ден астам қызметтер мен сервистер жүйеге қосылғанын жеткізді. Халықтың сұраныстарын жедел қарастыру бағытында «I-Komek-109» ситуациялық орталығы құрылып, тиімді қызмет ұсынып жатқандығын атап өтті. Әзірленген тұжырымдама жобасы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуге арналған барлық бағыттағы жұмыстарға серпін береді деген сенімін білдіріп, маңызды құжатты қаламызға арнайы келіп таныстырған Агенттік төрағасы Марат Мұратұлы Ахметжановқа алғысын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі