ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

Қазақстанда 18 млн 600 мыңнан астам адам, шамамен 130-дан астам этнос тұрады. Оның 9 млн-ы — ерлер, 9,6 млн-ы — әйелдер. Қазақстан халық саны бойынша әлемде 64-орында.

2. Қазақстанның аумағы Азия мен Еуропада орналасқан. Жер көлемі — 2,7 шаршы шақырым. Дүниежүзінде 9-орында тұр. Еліміздің территориясына Еуропаның 12 елі еркін сыйып кетеді. Мәселен, Қарағанды облысының аумағына 1 Германия, 2 Беларусь, 3 Болгария сыяды. 

3. Қазақстанда екі сағаттық белдеу бар, климаты — күрт континенталды. Ауа температурасы -45-тен +45 градусқа дейін. 

4. Қазақстан – табиғи ресурстарға өте бай мемлекеттердің бірі. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы қазақ жерінен табылған. Мұнай қоры бойынша Қазақстан әлемдегі 15 жетекші елдің қатарына кіреді. Ал газ қоры бойынша 22-орынға, ураннан екінші орынға тұрақтаған.

5. Қазақстан өз еркімен күштілігі жағынан әлемде төртінші орында тұратын қарудан бас тартып, әлемдегі ең ірі ядролық тәжірибелер полигонын жапты. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды.

6. Нұр-Сұлтан (бұрынғы атауы Астана) қаласы әлемнің ең жас астанасы болып есептеледі. 1998 жылы ЮНЕСКО бас қаланы «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Нұр-Сұлтан жоғары атақты иеленді. Ал 2012 жылы елордаға «ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі берілді. 2019 жылдың наурыз айынан бастап қала атауы Тұңғыш Президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

7. Әлемдегі ең биiк түтiн мұржасы Қазақстанда (Екібастұз қаласында) орналасқан. Оның биiктігi — 420 метр. Ол Эйфель мұнарасынан 100 метр биік.

8. Байқоңыр – әлемдегі бірінші және ең үлкен ғарыш айлағы. Ол Қазақстан жерінде Төретам кентіне жақын ауданда орналасқан. Көлемі 6717 шаршы шақырым.

9. Медеу — әлемдегі ең биік орналасқан жасанды мұз айдыны. Мұнда 170 әлем рекорды тіркелген. «Медеу» атауы ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген қоғам қайраткері Медеу Пұсырмановтың құрметіне берілген.

10. Қазақстан шайды ең көп ішетін 10 елдің қатарында. Шайды тұтынудың орташа мөлшері — халықтың жан басына шаққанда 1,54 келі (2014 жылғы дерек бойынша).

11. Орталық Азиядағы ең үлкен театр Қазақстанда орналасқан. «Астана Опера» театрын 33 елдің мамандары үш жыл салды.

12. Қазақстан – қызғалдақ пен алманың отаны. Ал жылқы алғаш рет (б.д.д 4 мыңыншы жылдарда) Қазақстанда қолға үйретілген.

13. Қазақстанның төл валютасы қатарынан үш рет 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды.

14. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға шетелден 320 млрд доллар инвестиция құйылған.

15. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара — Қазақстан мен Ресей шекарасы (7 512,8 шақырым).